Астанада жетекші ғалымдар мен бизнес-қоғамдастық басшылары отандық ғылымды дамыту жолдарын талқылады

Azattyq Rýhy

ҰҒА мен «Атамекен» ҰКП арасында өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды

Астанада жетекші ғалымдар мен бизнес-қоғамдастық басшылары отандық ғылымды дамыту жолдарын талқылады

Бүгін Астана қаласында жетекші ғалымдар мен бизнес-қоғамдастық басшыларының қатысуымен отандық ғылымды дамыту жөніндегі міндеттерді шешу жолдарын талқылауға арналған Ұлттық ғылым академиясы және «Атамекен» ҰКП ұйымдастырған дөңгелек үстел отырысы өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Дөңгелек үстел отырысының ашылуында Ұлттық ғылым академиясының Президенті А. Күрішбаев Мемлекет басшысы Қ. К. Тоқаев отандық ғылымды дамыту және оның ел экономикасын нығайтудағы рөлін арттыру қажеттігіне аса назар аударатындығын атап өтті.

Қазір ғылыми жобаларды қаржыландыру жылдан жылға артып, ғалымдарға мемлекеттік қолдау күшейіп келе жатқандықтан, ғылымның нәтижелілігін арттыру, оны бизнес-қоғамдастықтың сенімді серіктесі ету маңызды. Сондықтан қазіргі тәсілдерді түбегейлі қайта қарап, отандық ғылымды дамытудың жаңа стратегиясын құруымыз керек. Біздің басты міндетіміз – ғылымды қолданбалы ету. Бұл өндірісті сұранысқа ие инновациялармен жасақтауға және елдің экономикалық дамуында елеулі серпіліс жасауға мүмкіндік береді. Бұл ретте осы өзгерістердің барлығы ғылыми қоғамдастықтың ғана емес, экономиканың нақты секторының да пікірлерін ескере отырып, жүзеге асырылуы тиіс.

Осы тұста, Ұлттық ғылым академиясы маңызды рөл атқарады. Ол ғылыми мекемелерді қайта бағындырып, ғалымдарға арналған тағы бір әкімшілік құрылым болмауы керек. Оның өзіндік бірегей миссиясы мен пайымы бар: автономды, тәуелсіз ұсыныстарды беретін, беделді сараптамалық ғылыми ұйым болуға ұмтылу және ғылымды басқару саласында жіберілген жүйелік олқылықтардың орнын толтыру, форсайттық зерттеулер мен технологиялық болжау негізінде отандық бизнеспен бірге ғылыми зерттеулердің басым бағыттарын айқындау.

Сонымен қатар, Академия ел дамуының маңызды әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешуге бағытталған ірі пәнаралық ғылыми жобаларды іске асыруға назар аударады. Бес стратегиялық маңызды бағдарламаны әзірлеу жұмыстары басталып кетті. Олардың біріншісі ауыл шаруашылығындағы заманауи биотехнологияны дамыту бағдарламасы болып табылады, ол ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыруда елеулі серпіліс жасауға мүмкіндік береді.

А. Күрішбаев сондай-ақ өңірлік ғылымды дамыту, облыс әкімдерінің, өңірлік университеттер мен ҒЗИ, бизнес-қоғамдастық өкілдерінің осы жұмысқа белсене қатысуы қажеттігіне тоқталды. Ол жақында ғана Ұлттық құрылтайда ұсынылған «Өңірлік ғылым-өңірді  дамыту үшін» Академияның жаңа бастамасы туралы егжей-тегжейлі айтып берді.

Сондай-ақ Академия талантты жастарды ғылым саласына тарту орталығына айналатынын атап өтті. Бұл бағыттағы алғашқы қадамдар жасалды, Академия жанынан тұңғыш рет Жас ғалымдар кеңесі құрылды. Қазір жас таланттарды қолдау тетіктері әзірленуде. Академия басшысы бизнес өкілдеріне осы бастаманы құптауды және еліміздің үздік жас ғалымдарын қаржылай қолдау қорын құруды ұсынды.

Сөз соңында А. Күрішбаев бизнес-қоғамдастықпен кездесу Академия үшін өте маңызды екенін атап өтті. Олар ғылымды өндіріспен тығыз интеграциялауға бағытталған тәжірибелік қадамдардың дәлелденген алгоритмін жасауға көмектеседі.

Дөңгелек үстел барысында сөз сөйлеген қатысушылар Академияның ғана емес, жалпы отандық ғылымның қызметін реформалау жөніндегі шараларға қатысты өз пікірлерімен бөлісті, бизнестің өзекті мәселелеріне егжей-тегжейлі тоқталып, ҚР ҰҒА-мен бірлесіп жұмыс істеуге дайын екендіктерін растады.

Іс-шара соңында, Ұлттық ғылым академиясы мен «Атамекен» ҰКП арасында өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.