Ақтөбе облысында тағы бір жолды су шайып кетті
Қазіргі кезде су тасқынының салдарын жою жұмысы жүргізіліп жатыр
Ақтөбе облысы Шалқар ауданы Ұлпан ауылы маңында жолды су шайды. Мұнда құм толы 300 қап төселгенімен суды толық тоқтату мүмкін болмаған. Бұл туралы Шалқар ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Шалқар ауданы әкімдігінің ресми парақшасындағы мәліметке сүйенсек, республикалық маңызы бар Қандыағаш-Ембі-Шалқар-Ырғыз автомобиль жолының 232 шақырымындағы Ұлпан ауылының тұсында қауіп күшейіп, жол жиегін бекіту жұмысы жүргізілді. Күні бұрын қапқа құм салып, төселді. Алайда қар тез еріп, жолды шайды.
«Оқиға орнына Шалқар ауданының әкімі Жанболат Жидеханов пен аудандық полиция бөлімінің бастығы Ринат Сатаев арнайы барды. Жағдай аудан басшының тікелей бақылауында. Аталған аумақта құзырлы мекеме тарапынан 300 қап құм төселенген. Алайда еріген қар суының деңгейінің өсуі салдарынан жолды су шаю жағдайы тіркелді»,- деп хабарлады Шалқар ауданының әкімдігі.
Бұл аумақта №7 өрт сөндіру бөлімінен 4 адам, аудандық ТЖБ 1 адам мен 1 техника, «Энергосистема» ЖШС Шалқар бөлімшесінен 4 адам және 1 техника, «Қазсервис» ЖШС-нен 12 адам мен 4 техника, жеке кәсіпкерлерден 4 адам мен 4 техника жұмылдырылдылған. Сонымен бірге теміржолшылар да көмекке барды. Қазіргі кезде су тасқынының салдарын жою жұмысы жүргізіліп жатыр. Шалқар ауданы әкімдігі аталған бағыттағы жолға шықпауды сұрады.