Бопсалау бойынша күдікті: Қазақстан Ресей азаматын Тайландқа ұстап берді
Ол ұйымдасқан топтың мүшесі болып саналады
Қазақстан Тайландқа Самуи аралындағы ресейлік ерлі-зайыптылардан криптовалюта бойынша ірі сома бопсалады деп күдіктелген ресейлікті ұстап берді. Бұл туралы Azattyq Ruhy тілшісі Bangkok Post басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Данил Улгай деп аталатын 43 жастағы Ресей азаматы Қазақстан, Германия және Ресей азаматтарынан құралған топтың алты мүшесінің бірі болып саналады. Тайландта олар 2022 жылы криптовалюта бойынша 1,8 миллион тайландтық батты (шамамен 51,5 мың доллар) курорттық Самуи аралында жылжымайтын мүлік бизнесімен айналысқан ресейлік ерлі-зайыптылардан бопсалады деп айыпталды.
Топтың бес мүшесі 2022 жылы Тайландтың Самуи аралында көп ұзамай қамауға алынды, ал Данил Угай елден қашып үлгерген.
Ресейлікті ұстау туралы қаулыны 2022 жылдың қазан айында Самуи аралына жататын Сураттани провинциясының соты шығарды. Содан кейін Тайландтың Интерпол Ұлттық Орталық бюросы Ресей азаматын халықаралық іздеуге жариялады.