Балқашта құбыр жарылып, тұрғындар сусыз қалды
Ал мөлтек аудандарға арнайы көліктермен су жеткізіле бастаған

Балқашта сумен жабдықтау жүйесінің магистральдық құбыры жарылып, бірқатар аудандарда ауыз су беру тоқтатылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Төтенше жағдай Желтоқсан мен Ағыбай батыр көшілерінің қиылысында болған. Шаһардың сумен жабдықтау жүйесінің магистральдық құбырында үлкен апат болып, салдарынан судың қысымы азайтылған. Магистральдық құбырдың шытынап кетуіне байланысты суды тоқтатуға мәжбүр болған.
«Балқаш су» компаниясының хабарлауынша, қалада су толық ажыратылған жоқ.
«Қысымның төмендеуіне байланысты кейбір аудандарда судың болмауы мүмкін. Жөндеу жұмыстарын жүргізгеннен кейін қысым қалпына келтіріледі», - делінген хабарламада.
Ал мөлтек аудандарға арнайы көліктермен су жеткізіле бастаған.
«Мамандар мәселені шешу үшін жұмыс істеуде, барлық қажетті техника бар. Жұмысты аяқтау үшін екі сағатқа дейін уақыт қажет», - деп хабарлады әкімдіктен.