Астаналықтар жылу жүйесіне 3,1 млрд теңге артық төлеген
Жылу жүйесіндегі заңсыз әрекеттер анықталды
«Астана-Теплотранзит» АҚ жылу жүйесінің құнын заңсыз көтерген. Бұл туралы Azattyq Ruhy Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитетіне сілтеме жасап хабарлайды.
Ведомство мәліметінше, «Астана-Теплотранзит» АҚ-ның қызметін талдау барысында, көрсетілетін қызметтер көлемінің ұлғаюына байланысты негізсіз алынған табыс түріндегі, сондай-ақ субъектінің теңгерімінде жоқ нысандарға бағытталған тарифтік смета шығындарын заңсыз пайдалану бөлігінде бұзушылықтар анықталды.
Нәтижесінде, ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Астана қаласы бойынша департаменті уақытша өтемдік тариф енгізу арқылы негізсіз алынған табысты қайтару бөлігінде, «Табиғи монополиялар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес ден қою шараларын қабылдады.
«Осылайша, қайта қаржыландыру мөлшерлемесін ескере отырып, тұтынушылардың жалпы сомасы 3 149 711 000 теңгеге құқықтары қалпына келтірілді.
Қабылданған шаралар түпкілікті тұтынушы үшін жылу тарифінің 8 %-ға төмендеуіне алып келді.
Осылайша, ТМРКД табиғи монополиялар субъектілерінің табиғи монополиялар туралы заңнама талаптарын сақтауын қамтамасыз етуге бағытталған жүйелі жұмыс жүргізеді», - делінген комитет таратқан хабарламада.