«Жастар Рухы» ерекше балалардың аналарын құттықтады

Azattyq Rýhy

70 әйел бір сәт өзін суретші әрі қолөнерші сезініп көрді

«Жастар Рухы» ерекше балалардың аналарын құттықтады
Фото: Асылхан Сейдахмет

«AMANAT» партиясы «Жастар Рухы» жастар қанатының мүшелері ерекше қажеттілігі бар балалардың аналарын Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады. Бұл балалар елордадағы «Жас жауынгер» дене шынықтыру-сауықтыру клубында спортпен шұғылданады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Іс-шарада сурет салу, қыш бұйымдар жасау сынды өнер түрлерінен шеберлік сағаты ұйымдастырылды. 70 әйел бір сәт өзін суретші әрі қолөнерші сезініп көрді.

«Ерекше қажеттілігі бар бала тәрбиелеп отырған аналардың санасы сергісін, күнделікті күйбең тірліктен бой жазсын деген ниетпен оларға мерекелік көңіл-күй сыйлап, арнайы іс-шара ұйымдастырдық. Біз олардың шығармашылық ортада уақыт өткізуіне мүмкіндік жасадық. Олар бүлдіршіндері үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатыр. Ерекше чемпиондарды тәрбиелеп жүрген жандардың есіл еңбегі елене берсін», – деді «Жастар Рухы» төрағасының м.а. Ақерке Искандерова.

Айта кетейік, жастар қанатының белсенділері «Жас жауынгер» клубына жүйелі түрде қолдау көрсетеді.

«Ұлым осында 4 жылдан бері келіп жүр. Шынымды айтсам, аналар қауымын дәл осылай қызықты, тартымды етіп құттықтайды деп күткен жоқпын. Бүгін алғаш рет қыш бұйымын жасап көрдім. Баршаңызды 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен құттықтай отырып, зор денсаулық тілеймін. Себебі денсаулықты ешқандай ақшаға сатып ала алмайсыз», – деді ерекше баланың анасы Айгүл Бектаева.

Астана қаласының тұрғыны Шолпан Айтбаева араға 20 жыл салып шеберлік сағатында мольбертті қайта қолға алды.

«Өз басым өнер мектебінің түлегімін. Алайда сурет салмағаныма да көп жылдың жүзі болды. Сондықтан осындай шеберлік сағаты ұйымдастырылғанына дән ризамын. Жалпы, бұл күн өте қызықты өтті. Тіпті, үш сағат уақыттың қалай өткенін де байқамай қалдық. Салған суретімді үйге іліп қоямын», – деді ол.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.