Украинаның Қазақстандағы экс-елшісіне халықаралық іздеу жарияланды
Ол 2022 жылы сұхбат беру кезінде орыстар туралы дөрекі сөз айтқан

Мәскеу соты Украинаның Қазақстандағы бұрынғы Төтенше және Өкілетті елшісі Петр Врублевскийді сырттай соттады. Оған «жеккөрушілік немесе дұшпандықты қоздыру, сондай-ақ адамның қадір-қасиетін қорлау» бабы бойынша айып тағылып отыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.
Сонымен қатар оған халықаралық іздеу жарияланды.
«Мәскеу соты Украина азаматы Врублевскийді Ресей Федерациясының аумағына экстрадицияланған сәттен бастап немесе айыпталушы Ресей Федерациясының аумағында ұсталған сәттен бастап екі ай мерзімге қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын қолдану туралы өтінішті қанағаттандырды», - деп жазды агенттік.
2022 жылдың тамызында Врублевский сұхбат беру кезінде орыстар туралы дөрекі сөз айтқан. Ол Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне шақырылып, айтқан сөзі үшін кешірім сұраған. Кейін Украина елшісі қызметінен босатылды.
Аударған: Айжан ТЕМІРХАН