Алматыдағы жер сілкінісінен кейін такси бағасы шарықтап кеткен
Бүгін Алматыда 5 балдық жер сілкінісі тіркелді
Алматыдағы жер сілкінісінен кейін такси бағасы шарықтап кеткен. Бұл туралы әлеуметтік желілерде жазбалар тарады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Тұрғындардың айтуынша, жүргізушілер бағаны 2 есе қымбаттатқан.
«Бұрын 900 теңгенің үстінде алатын жерге, 1800 теңге алып тұр», - деп жазды желіде Маргарита Өскембаева.
«Екі сағат бұрын яндекс такси 690 теңгені көрсетіп еді, енді 1380 теңге деп тұр», - деп жазды Салтанат Бектұрсынова.
Қала іші ғана емес, қалааралық тасымалдау құны да шарықтап кеткен. Мысалы, қазір Алматыдан Қаскелеңге бару эконом класпен 6 мың теңгеге шығып тұр. Әдетте ол 3500 теңгеден басталады.
Басқа бір қосымшада такси жүргізушілері Қаскелеңге 7 мың теңгеге апаратынын жазған.
Айта кетсек, бүгін Алматыда 5 балдық жер сілкінісі тіркелді. Жер дүмпуі Алматы облысында және Жетісу облысында сезілген.
Авторы: Айжан ТЕМІРХАН