$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Жаңа бренд және әйелдер лигасы: Қазақстанның футбол жанкүйерлерін қандай өзгерістер күтіп тұр

16 отандық клуб Лига кубогына қатысады

Жаңа бренд және әйелдер лигасы: Қазақстанның футбол жанкүйерлерін қандай өзгерістер күтіп тұр

Қазақстан кәсіпқой футболын дамытуға бағытталған бірқатар маңызды жобалар іске асырылмақ, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Қазақстан футболы жаңаша қарқынмен дамиды. Бұл туралы Астанада ҚР Президенттік орталығында өткен Қазақстан кәсіпқой футбол лигасы жаңа маусымының тұсаукесерінде айтылды. Елімізге беделді тұлғалар, БАҚ өкілдері мен футбол саласының мамандары жиналған ауқымды кездесуде Қазақстан кәсіпқой футбол лигасының жаңа атауы — QFL (Qazaqstan Football League) бренді таныстырылып, отандық футболды күтіп тұрған өзгерістер жарияланды.

«Елімізде футболға деген оң көзқарас қалыптасты. Ұлттық құраманың кәсіби ойындарының арқасында халықтың отандық футболға деген қызығушылығы арта түсті. Тіпті Қазақстанда «футбол бумы» болды десек артық айтқандық болмас. Бүгінгі таңда балалаларын футбол секцияларына беретін ата-аналардың қарасы көп. Үйірмелерге барып жүрген балалар саны 400 мыңнан 1 млн 250 мыңға дейін артты. Футболды дамытуға деген қажеттілік көз алдымызда өсіп келеді. Осыған байланысты кейінгі 9 айда кәсіпқой футбол лигасының жұмысында заманауи қажеттіліктерді қамтамасыз ететін сапалы өзгерістер болды. ҚКФЛ «Қазақстан футболының 2034 жылға дейінгі даму стратегиясына» сәйкес футболдың танымалдылығын арттыруға арналған бірнеше маңызды қадам жасады«,-деді Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Бәрменқұлов.

Ол стратегиялық құжатта әлемнің жетекші футбол клубтарымен және лигаларымен тәжірибе алмасу бағдарламалары арқылы футбол кадрларын оқытуға және дамытуға, сондай-ақ үздік инновациялық тәжірибені енгізуге баса назар аударылғанынатап өтті.

«Біздің лигамен бірлескен жұмысымыз футбол бизнес индустриясын құруға бағытталған, онда футбол — демеушілер мен инвесторлар үшін қызығарлық актив, халық үшін әлеуметтік маңызы бар өнім және халықаралық деңгейде мемлекет үшін мақтаныш болуы керек. Бүгінгі таңда лига өзінің алдында тұрған міндеттерді орындауға және стратегияның барлық тармақтарын жүзеге асыруға қауқарлы. Бұл шынайы және қол жеткізуге болатын мақсаттар», — деді Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Бәрменқұлов.

Сонымен қатар, тұсаукесердің маңызды жаңалықтарының бірі — әйелдер лигасының ашылуы болды.

«Бәріңізді Қазақстандағы әйелдер футбол лигасының ашылуымен құттықтаймын. Бұл жоба өте маңызды. Себебі, біз қазір әлемдік еуропалық футбол алаңына шықтық. Еуропада әйелдер футболы өте танымал. Біздің келесі қадамымыз осы бағытты дамыту болуы керек. Сонымен қатар, Лига кубогының бірінші турниріне 16 отандық клуб қатысады, олар тек беделді кубок үшін ғана емес, отандық футбол тарихындағы ең ірі жүлде қорын да сарапқа салады. Бұл 1 миллион АҚШ долларын құрайды. Әйелдер лигасының турниріне еліміздің 5 өңірінен 6 клуб қатысады. Осы бір жыл ішінде әр аймақта әйелдер футбол командалары көбеюі үшін аудитория қызығушылығын арттыруға жұмыс істейміз. Болашақта әйелдердің командаларын жеткілікті түрде жасақтап, турнирлерді ұйымдастыра береміз. Біздің ұлттық құрама бұдан ұтпаса, ұтылмайды»,- деді Qazaqstan Football League президенті Рафаэль Гарибян.

Әйелдер футболының аудиториясы спорт индустриясында өте жылдам өсіп келе жатыр. Қазіргі таңда Еуропада әйелдер футболының 144 миллион жанкүйері бар, ал 2033 жылға қарай олардың саны 328 миллионға жететіні айтылады. Сәйкесінше коммерциялық табыс та өседі. УЕФА-ның болжауынша, 10 жылдан кейін Еуропадағы әйелдер футбол ойынынан түсетін жылдық табыс құны 686 миллион еуроға жетеді.

«Қазақстандағы әйелдер футболын қолға алатын уақыт баяғыда келген. Әлем елдерінде ауқымды аудиторияны дәл осы әйелдер футбол ойыны жинайтыны шындық. Алдағы уақытта Қазақстанда да жанкүйерлер көбейеді деп үміттенемін. Өткен жылы Ұлттар лигасы турниріне қатыстық, алғашқы орынға шыға алмасақ та, жақсы өнер көрсеттік деп ойлаймын. Бізге қазір көңіл бөліп жатыр. Әйелдер футболында үлкен серпіліс болмақ. Өзіміз қатты қуанып тұрмыз. Жанкүйерлерге келіңіздер, бізді қолдаңыздар дегім келеді. Болашақта айтулы жеңістерге жететінімізге сенемін»«,-деді Әйелдер ұлттық құрамасының капитаны Юлия Мясникова.

Сондай-ақ жаңа «QFL» логотипімен танылып жатқан Қазақстан кәсіпқой футбол лигасы ойындардан сапалы трансляция жүргізу үшін жұмыстар атқаруда. Осыған орай Футбол мамандарын даярлау академиясы құрылды.

«Сапалы интернет және теледидарлық трансляцияны ұйымдастыруға көп көңіл бөлеміз. Қазір мамандарды дайындайтын өз академиямызды іске қостық. Өндіріс саласындағы мамандар: операторлар, эфир режиссерлерін дайындап шығарамыз. Қазірдің өзінде 150 маман дайындалды. Сонымен бірге, Q-Football телеарнасын және платформасын ашамыз. Осы екі алаңнан бүкіл футболарлық матчтардың эфирі көрсетіледі. Ойындар Q-Sport және «Qazsport» телеарнасынан да көрсетілетін болады. Сонымен қатар, жаңа сайтымызды іске қостық. Ол жерде фэнтези-футболды ұйымдастыруды ойлап отырмыз. Qazaqstan Football League-ның даму әлеуеті зор. Біз жаңа брендті ғана емес, сонымен қатар маркетингтік стратегияны да ұсындық. Біздің іс-әрекеттеріміз лиганың барлық өнімдерінің коммерциялық тартымдылығын арттыруға бағытталған», — деді Qazaqstan Football League вице-президенті Эдуард Синельников.

Рафаэль Гарибян «ең басты мақсатымыз — Қазақстанда футбол бизнес индустриясын қалыптастыру» дейді. Футболды коммерцияландыру үшін серіктестермен қарым-қатынастарды дамыту маңызды.

«Футболмен бірге — бұл біздің ұранымыз, өйткені лига футболды дамытуға бағытталған барлық міндеттерді жүзеге асыруда мемлекетпен, демеушілермен және жанкүйерлердің адал армиясымен тығыз байланысы қажет. Мен Қазақстанда туып-өстім, бұл менің отаным және клубтардың маған және командама біздің лиганы дамыту жөніндегі осындай маңызды миссияны сеніп тапсырғаны мен үшін үлкен құрмет. Біз үшін отандық футбол, бір жағынан, заманауи, серпінді дамып, ең үздік еуропалық лигаларының футбол индустриясында ойлап табылған барлық жақсы дүниелерін сіңіріп, сонымен қатар өзіндік бірегейлігін сақтап қалуы өте маңызды. Үш жыл ішінде біз бірқатар жобаларды жүзеге асырып, лигамызды халықаралық деңгейге өсіруіміз қажет», — деді Qazaqstan Football League президенті Рафаэль Гарибян.

Еске салсақ, 28 ақпан күні футбол саласындағы мамандар мен БАҚ өкілдеріне Қазақстан кәсіпқой футбол лигасының жаңа атауы — QFL (Qazaqstan Football League), жаңартылған логотип және «Футболмен бірге» ұраны таныстырылды. Тұсаукесер қонақтарына жаңа дизайндағы QFL ресми добы көрсетілді.

1 наурыздан бастап, Qazaqstan Football League брендімен Премьер-Лиганың жаңа маусымы басталады.

Серіктес жаңалықтары