«Сот үкімі бар, бірақ ештеңе істей алмаймыз»: Бас прокуратура Лондонда фотоға түскен экс-әкім  жайлы

Автор: Аягөз Құрмаш

Қазақстан мен Лондон сотталғандарды алмастыра алмайды

Фото: әлеуметтік желіден

Мәжілістің жалпы отырысының кулуарында Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиевке «Атырау облысының экс-әкімі Бергей Рысқалиев Лондонда еркін түрде неге фотоға түсіп жүр? Бас прокуратура оны іздестіріп жатыр ма?» деген сұрақ қойылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Бас прокурордың орынбасары құзырлы органдар келісім болмаса, жұмыс істей алмайтынын жеткізді.

Осыған дейін әлеуметтік желіде Бергей Рысқалиев пен Аслан Мусиннің Лондонда бірге түскен фотосы жарияланған болатын.

«Оған сырттай шығарылған сот үкімі бар. Өкінішке қарай, қателеспесем, бізде Лондонмен сотталғандарды беру және алмасу туралы келісім жоқ. Біздің құқық қорғау органдары тиісті келісім болмаса, ештеңе істей алмайды», - деді Шындалиев.

Еске салсақ, 2013 жылдың 5 ақпанында Атырау облысы және Атырау қаласының әкімі қызметін атқарған Бергей Рысқалиевке іздеу жарияланған. Оған Қылмыстық кодекстің 176-бабы бойынша көзделген қылмысты жасады және ұйымдасқан қылмыстық қоғамдастық құрды деген айып тағылды. 2019 жылдың 25 қаңтарында сырттай сот отырысы өтіп, ол 17 жылға бас бостандығынан айырылды.