Астрономдар аспан әлемінің жаңалығын жариялады
Күн жүйесінде әлі де адамзатқа белгісіз спутниктер болуы мүмкін
Астрономдар Күн жүйесінде бұрын белгісіз болған үш спутникті тапты. Олардың екеуі Нептун планетасын, біреуі Уран планетасын айналып жүр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy агенттігі Associated Press-ке сілтеме жасап.
«Ғаламшарлардың кішкентай серіктерін Гавай аралдары мен Чилидегі қуатты телескоптар анықтады», - деп жазды Халықаралық астрономиялық одақтың кіші планеталар орталығы (International Astronomical Union’s Minor Planet Center).
Ғылымда бізге белгілі Нептунның 16 серігі, ал Уранның 28 серігі бар.
«Уран ғаламшарын айналып жүрген жаңа спутниктің диаметрі небәрі 5 миль (8 шақырым). Ол күн жүйесіндегі ең кішкентай планета серігі болып отыр», - деді Вашингтондағы Карнеги ғылыми институтының астрономы Скотт Шеппард.
Оның айтуынша, «Күн жүйесінде әлі де адамзатқа белгісіз спутниктер болуы мүмкін».