Алматыда қызметтік көлікпен жол апатын жасаған полицей жүргізуші куәлігінен айырылды
Ол көлікті есірткіге масаң күйде басқарған

Алматыда есірткіге масаң күйде қызметтік көлікпен екі жол апатына себепкер болған полицей жеті жылға жүргізуші куәлігінен айырылды. Бұл туралы Алматы қалалық сотының баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Алматы қаласының мамандандырылған әкімшілік сотында ӘҚБтК-нің 608-бабының 3-бөлігімен К.-ға қатысты әкімшілік іс материал қаралды.
Сотта анықталғандай, осы жылдың қыс мезгілінде К., есірткіге масаң күйінде қызметтік көлікті айдап, жол апатына себепкер болды. Сотта ол іс материалдарында көрсетілген фактілерді растап, жасаған әрекетіне өкінді.
«Сот қаулысымен К. көлік құралын есірткіге масаң күйде басқарғаны үшін (ӘҚБтК-нің 608-бабының 3-бөлігі) кінәлі деп танылып, жеті жылға жүргізуші куәлігінен айырылды», - делінген хабарламада.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.