Биыл Алматыда автобус жүргізушілерінің кесірінен 8 адам қайтыс болды

Автор: Azattyq Rýhy

Қалада жолаушы таситын 1560 автобус болса, биыл 9 айда олардың 217-сі апатқа ұшыраған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі

Фото: sputniknews.kz

Автобус жүргізушілерінің қателігінен Алматыда биыл 8 адам қайтыс болып, 271 адам түрлі дене жарақаттарын алған. Бұл былтырмен салыстырғанда адам шығыны жағынан екі есе көп.

Алматы қаласы ПД Әкімшілік полиция басқармасының хабарлауынша, ескі, техникалық жағдайы талапқа сай келмейтін, жолаушыларды заңсыз тасумен айналысатын «кәсіпкерлер» көп екен. Мәселен, шаһарда 125 бағыт бойынша қатынайтын автобустар 14 кәсіпорынға тиесілі. Ал, «жүгенсіз» жүргізушілерді тәртіпке салу үшін автопарк басшыларын да жазалауға тура келеді, дейді полицейлер.

Статистикаға сүйенер болсақ, қаладағы қоғамдық көлік жүргізушілерінің тәртібі аса түзелмегенін аңғару қиын емес. 2018 жылы 329 автобус апатқа ұшыраса, оның 186 жағдайында автобус жүргізушілері кінәлі болған. Салдарынан былтыр 4 адам бақилық болыпты. 242 жолаушы жарақат алған. Ал, биыл жыл аяқталмай жатып бұл көрсеткіш 300-ге жуықтап қалды.

Оқи отырыңыз: Алматыда есірткі қабылдап, жолаушы тасыған автобус жүргізушісі ұсталды

Жол сақшылары тұрғындар тарапынан түсетін шағымның көп екенін айтады. Тәртіпсіз жүргізушілерді жөнге салу үшін жолға шыққан полицейлер тек соңғы 6 күннің ішінде 1000-нан астам автобус жүргізушісіне айыппұл салыпты.

«Қала көшелеріндегі жазатайым оқиғалар мен жарақаттардың алдын алу, қалалық жолдардағы жүргізушілердің көлік тәртібін сақтау және жолаушылар көлігіндегі жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, Алматы қаласы ПД Әкімшілік полиция басқармасы мен жергілікті полиция қызметі бірлесіп, 10-17 қазан аралығында «Автобус» профилактикалық іс-шарасын өткізді. Әр түрлі жол ережесін бұзған жүргізушілерге 1031 әкімшілік хаттама толтырылды. Автобустардың техникалық ақауы бола түра жолаушы тасымаладуға рұқсат бергені үшін 13 лауазымды адам жауапкершілікке тартылды. Техникалық талапқа сай келмеген 12 автобус арнайы айып тұрағына қойылды. Сондай-ақ, бір аптаның ішінде 56 тұрғынның шағымы бойынша тексеріс жүргізілді», - деді  Алматы қалалық ПД ӘПБ бастығының орынбасары Нұрлан Аманбек.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы