Қарағандыда жедел жәрдем жүргізушісіне шабуыл жасаған ер адамның жеке басы анықталды

Azattyq Rýhy

Ажар Ғиният кінәлі азамат қатаң жазалануы тиіс екенін атап өтті

Қарағандыда жедел жәрдем жүргізушісіне шабуыл жасаған ер адамның жеке басы анықталды
Фото: egemen.kz

ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Қарағандыда белгісіз азаматтың жедел жәрдем жүргізушісін ұрып-соққан оқиғасына қатысты мәлімдеме жасады. Бұл туралы ол өзінің Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Зардап шеккен ер адамға мидың шайқалуы және мұрын сүйегінің сынуы диагнозы қойылды.

Министр мәлім еткендей, жедел жәрдем бригадасы түнгі 23-30-да дене қызуы көтерілген және қызылшаға күдігі бар балаға шақыртуға келді. Баланы стационарға тасымалдау үшін үйдің ауласына жедел жәрдем көлігі тұраққа қойылған, онда санитариялық автокөліктің жүргізушісіне өтіп бара жатқан таныс емес адамдар шабуыл жасаған.

«Өздеріңіз білетіндей, жедел медициналық жәрдем қызметкерлері тәулік бойы жұмыс істейді. Адамның өмірі мен денсаулығы олардың жедел әрекет етуіне байланысты. Бірақ азаматтар біздің фельдшерлер мен «103»жүргізушілерінің қандай қиын жағдайда жұмыс істейтінін әрдайым түсіне бермейді. Өкінішке орай, мұндай агрессия жағдайлары, жедел жәрдем қызметкерлеріне шабуыл жасау жиі болады және олар заңмен қатаң түрде кінәлілерді жазалауды талап етеді», - деп жазды министр.

Сондай-ақ ол облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшылығының полиция департаментімен бірлесіп уақытылы әрекет етуінің арқасында шабуылдаушы азаматтың жеке басы анықталғанын атап өтті. 

«Менің ойымша, медицина қызметкерлеріне, әсіресе жедел жәрдем қызметкерлеріне қатысты мұндай зорлық-зомбылық әрекеттеріне мүлдем жол берілмейді және құқық қорғау органдарының деңгейінде де, қоғамда да қатаң айыпталуы тиіс. Зардап шеккен жедел жәрдем жүргізушісінің тезірек сауығып кетуін тілеймін және барлық медициналық жұртшылықты осы оқиға бойынша тергеу менің жеке бақылауымда болатынына сендіремін», - деді Ажар Ғиният.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.