Маңғыстау облысында жер қойнауын пайдаланушылар қарызы 400 млн теңгеден асқан

Azattyq Rýhy

Прокуратура аталған саладағы тексеріс нәтижелерін жариялады

 

Маңғыстау облысында жер қойнауын пайдаланушылар қарызы 400 млн теңгеден асқан
Фото: pixabay.com

Маңғыстау облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы жергілікті атқарушы органдардың қызметіне жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнаманың сақталуына тексеру жүргізді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Прокуратура хабарлауынша, тексеру барысында жекелеген жер қойнауын пайдаланушылардың (кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруге құқығы бар) облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына аударымдар; қазақстандық қызметкерлерді оқыту; тарату қорын толықтыру; қол қою бонусын төлеу сияқты келісімшарттық және лицензиялық міндеттемелерді орындамау фактілері анықталды.

«Берешектің жалпы сомасы 400 млн теңгеден асты. Мысалы, жер қойнауын пайдаланушы «Д.А.Б.» жүйелі түрде 4 жыл бойы (2019-2022 жылдары) Маңғыстау облысының әлеуметтік–экономикалық дамуына жалпы сомасы 9 млн теңгеге аударым жүргізбеген», - делінген ведомство хабарламасында.

Осыған ұқсас фактілер іс жүзінде барлық жер қойнауын пайдаланушыларда анықталды.

«Қабылданған прокурорлық қадағалау шаралары арқылы бүгінгі таңда мемлекет кірісіне 50 млн теңгеден астам қаражат өндірілді, 7 жер қойнауын пайдаланушының кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруге лицензиялары қайтарып алынды», - делінген хабарламада.

Берешекті өндіріп алу жұмыстары, соның ішінде сот тәртібімен жалғасып жатыр.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.