ҰҚК Алматыда рекордтық көлемдегі есірткі партиясын тәркіледі
Қазір сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр
Ұлттық қауіпсіздік комитеті психотропты заттардың масштабты өндірісі жойылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Ведомствоның баспасөз қызметінен хабарланғандай, синтетикалық есірткінің рекордтық партиясы заңсыз айналымнан алынды.
«Алматы қаласында жалға алынған жеке үйде психотропты заттарды дайындау процессінде есірткі зертханасын ұйымдастырушы, 1997 жылы туған Қазақстан азаматы қылмыс үстінде ұсталды. Тінту кезінде 200 кг астам «мефедрон» есірткісінің дайын өнімі және 100 литр шикізаты алынды», - делінген ҰҚК хабарламасында.
Дайын есірткі заттарының бұндай салмағы, көрсетілген зертхана елде ең ірі болғанына негіздеме береді.
«Алынған «мефедрон» көлемі шамамен 610 мың бір реттік дозаға тең болады. Бұл ретте, есірткілер Қазақстан аумағында өткізу үшін арналған», - делінген хабарламада.
Сот шешімімен фигуранттарға қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы тағайындалды.
Қылмыстық кодекстің 297-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.