Марат Қарабаев жол-көлік апаттарындағы өлім-жітімнің көбеюін түсіндірді

Оған заңсыз тасымалдаудың әсері көп

Марат Қарабаев жол-көлік апаттарындағы өлім-жітімнің көбеюін түсіндірді
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy

Көлік министрлігінде қалааралық және қала маңындағы жолаушылар тасымалы, таксопарктер және такси агрегаторлары саласындағы автовокзалдар мен көлік компанияларының өкілдерімен кездесу өтті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Министр Марат Қарабаевтың төрағалығымен өткен кездесуде мамандар қалааралық, облысаралық және ауданаралық бағыттардағы жолаушылардың қауіпсіздігін арттыру мәселелерін, сондай-ақ заңды жолаушылар тасымалын дамыту жөніндегі идеяларды және коронавирус пандемиясынан кейінгі автобус станцияларының қызметін қолдау мәселелері талқыланды.

Жиналысқа жүзден астам адам қатысып, қатысушылар еркін форматта проблемалық мәселелерді шешу жолдары мен ұсыныстарын ортаға салды.

«Трассаларда өлім-жітімге әкелетін жол-көлік апаттарының өсуі ережелер сақталмаған заңсыз тасымалдау көлемінің артуымен бір мезгілде орын алуда. Сондықтан тасымалдау саласындағы тетіктерді реттеп, оның ішінде вокзал шаруашылығының толыққанды жұмыс істеуін жүйелеу қажет. Осы ретте сіздермен ашық талқылау ұйымдастырып отырмыз», – деді Көлік министрлігінің басшысы. 

Талқылау барысында ресми жұмыс істейтін автостанциялардың жұмысында орын алған терең дағдарыс мәселесі атап өтілді. Бүгінгі таңда автовокзалдар Қазақстанның 3 облысында ғана тиісті деңгейде жұмыс істеп тұр. Ресми тасымалдар саласы бейресми тасымалдаушылармен және агрегаторлармен салыстырғанда салықтарды төлеу, жолаушыларды сақтандыру, жүргізушілерді медициналық куәландыру, автобустарды рейс алдындағы тексеру, техникалық базаны ұстау бойынша тең бәсекелестікті жоғалтып отыр.

Заңды тасымалдаушылар да осындай себептерге байланысты заңсыз тасымалдаушылармен бәсекелестікке төтеп бере алмайды. Көлеңкелі тасымалдаушылар қазақстандық заңнаманың талаптарын орындау, жүргізушілерді әлеуметтік қамтамасыз ету, тасымалдау қауіпсіздігі сияқты факторларға назар аудара қоймайды. Жалпы алғанда, бұл оларға үнемдеуге айтарлықтай мүмкіндік беріп, тасымалдау қызметтері үшін төмен бағалар ұсыну түріндегі артықшылықтар береді.

Кездесуге қатысқан автобус және такси жүргізушілері тағы бір маңызды мәселеге тоқталды. Атап айтқанда, заңсыз тасымалдау қылмыстық әрекеттерге жол ашатыны сөз болды. Яғни, көлеңкелі салада жүрген жүргізушілер арқылы жіберілетін әдеттегі сәлемдемелердің арасында тыйым салынған заттар тасымалдануы мүмкін, сонымен бірге қандай да бір заңталаптарын бұзған адамдардың қозғалысына ықпал етіп, оларға іздеу салған қызметкерлердің жұмыстарын қиындатады.

Сонымен қатар inDrive және Яндекс таксимен ынтымақтасатын жүргізушілер министрге жолдардағы апаттылықтың өсуіне ықпал ететін агрегаторлар жұмысының ерекшеліктері туралы айтып берді. Олардың айтуынша, компаниялардың бірі серіктестерді шамадан тыс жұмыс жасауға материалдық тұрғыда ынталандырады екен.

Жүйеде арнайы акциялар туралы хабарламалар жарияланып, оның шарттарына сәйкес жүргізушілер белгілі бір тапсырыстарды орындағаны үшін жақсы бонустарға ие болады. Мәселен, аптасына жасалған 180 және 300 сапар үшін сыйақы қарастырылған. Бірінші жағдайда шарттарды орындау үшін күн сайын үзіліссіз шамамен 12-13 сағат, ал екіншісінде - 21-22 сағат жұмыс істеу керек. Осындай ынталандырулар мен комиссиялық ұстаудың жоғары мөлшеріне байланысты жүргізушілер қосымша кіріс үшін кәдімгідей бәйге ұйымдастырып, нәтижесінде жол-көлік апаттарының саны арта түседі.

Нарық қатысушылары мен министрлік қызметкерлерінің әңгімесі шамамен 4 сағатқа созылды. Негізгі және басты талаптардың бірі – тасымалдау нарығының барлық қатысушысы үшінтең мүмкіндіктер құру және заң талаптарының сақталуын барынша қамтамасыз ету.

Талқылау қорытындысы бойынша жолаушылар тасымалының қауіпсіздігін арттыру және тасымалдау нарығындағы экономикалық жағдайды жақсарту бойынша бірқатар ұсыныс қабылданды. Аталған ұсыныстар жақын арада «автовокзалдар», «автобус тасымалдаушылары» және «таксопарктер мен жүргізушілер» сынды жекелеген кіші топтар арасында егжей-тегжейлі қаралатын болады.

Авторы: Аягөз ҚҰРМАШ 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.