Астанадан Римге және Миланға әуе рейстері қатынайтын болады
Сондай-ақ Қазақстан Италияға негізгі бидай жеткізуші мемлекеттердің бірі болып қала бермек
Мемлекет басшысы NEOS әуе компаниясының президенті Лупо Раттацциді қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесу барысында азаматтық авиация саласындағы ынтымақтастықтың перспективалары талқыланды.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, екі ел арасындағы тікелей әуе қатынастары сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық байланыстар мен туризмнің дамуына тың серпін береді. Президент Алматы – Милан әуе рейсіне сұраныстың жоғары екенін атап етті. Бұл рейс ашылғалы бері 70 мыңға жуық жолаушы тасымалданған.
«Өз кезегінде Лупо Раттацци аймақтағы әуе бағыттарының ауқымын кеңейту жөніндегі жоспарын таныстырды. Атап айтқанда, Алматы – Милан бағытындағы рейс санын көбейту, Астана және Рим, сондай-ақ Астана және Милан арасында әуе қатынастарын ашу жоспарланып отыр», - делінген хабарламада.
Президент NEOS әуе компаниясымен ынтымақтастық Қазақстандағы азаматтық авиация мен көлік-логистика салаларын дамытуға оң ықпал ететініне сенім білдірді.
NEOS компаниясы 2001 жылы құрылған. Оның негізін италиялық Alpitour S.p.А. және германиялық TUI Group туристік компаниялары бірге қалады. Ол Италияның ең ірі жеке авиакомпанияларының бірі ретінде 70-тен астам бағытқа тасымал жасайды. 2022 жылы компанияның табысы 640 миллион АҚШ долларын құрады.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Bonifiche Ferraresi компаниясының Бас атқарушы директоры Федерико Веккьониді қабылдады.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Федерико Веккьони Қазақстанның аграрлық секторындағы инвестициялық жобаларды іске асыру перспективаларын талқылады.
Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз бидай өсіру бойынша көшбасшы елдердің қатарына кіретінін атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан Италияға негізгі бидай жеткізуші мемлекеттердің бірі, сондай-ақ ел ішінде астық өңдеу үлесін арттыруды жоспарлап отыр.
«Өз кезегінде Федерико Веккьони компанияның Қазақстанда италиялық технологияларды пайдалана отырып, дәнді дақылдарды өсіру және өнімді одан әрі терең өңдеу жөніндегі жобаларды іске асыруға, сондай-ақ мамандар даярлауға және технология трансфертіне қатысты жоспары туралы айтты», - делінген хабарламада.
Мемлекет басшысы Үкіметтің компанияға жан-жақты көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді.
Сонымен қатар италиялық компания интенсивті бау-бақша шаруашылығын және тұқым шаруашылығын дамыту жөніндегі бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.