ІІМ «Тұрмыс» профилактикалық іс-шарасын бастады
Оның ішінде әсіресе мас күйде жасалған тұрмыстық қылмыстардың жолын кесуге ерекше назар аударылады
Елімізде отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған «Тұрмыс» профилактикалық іс-шарасы басталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Шара аясында жеке профилактикалық жұмыстар жүргізіледі. Оның ішінде әсіресе мас күйде жасалған тұрмыстық қылмыстардың жолын кесуге ерекше назар аударылады. Жергілікті полиция қызметінің қызметкерлері тұрғылықты жері бойынша ІІО есебінде тұрған және тұрмыста құқық бұзушылық жасауға бейім адамдарды, қолайсыз отбасыларды, сондай-ақ өз міндеттерін орындамайтын және алкоголь мен есірткіні пайдаланатын ата-аналарды тексереді.
«Үкіметтік емес ұйымдардың дағдарыс орталықтарында тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге құқықтық көмек көрсетіледі. Қолайсыз әлеуметтік ортадағы отбасыларды және зорлық-зомбылыққа ұшыраған балаларды анықтау бойынша жұмыс жүргізіліп, оларға көмек көрсететін мобильді топтар құрылды. ІІМ азаматтардан тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері туралы хабарлауды сұрайды. Полицейлер елімізде 111 сенім телефоны іске қосылғанын, оған қоңырау шалып, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсету бағдарламалары туралы кеңес алуға болатынын еске салды», - делінген хабарламада.
Сондай-ақ 102 телефоны да үнемі жұмыс істейді. «Тұрмыс» республикалық профилактикалық іс-шарасы 15 қаңтардан бастап өткізіледі.