Ақмола облысында қаржы пирамидасын құрған алаяқ алты жылға сотталды
Ол алдау арқылы 136 адамның 145 миллион теңгесін алған
Qnet қаржы пирамидасының басшысы Степногорск, Щучинск, Атбасар, Көкшетау қалаларында және Ақмола облысының Шортанды кентінде қаржы пирамидасын құрған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy. Елорданың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты баспасөз қызметінің хабарлауынша, аталған азамат 2019 жылдың 1 наурызы мен 2023 жылдың 17 наурызы аралығында Астана қаласы мен Ақмола облысының аумағында «Qnet» халықаралық компаниясы өнімдерінің интернет саудасының мұқабасымен қаржы пирамидасын ұйымдастырды. Әрі қарай, ол тауарды заңды түрде сатып алу мақсатында жәбірленушілерге психологиялық қысым көрсете отырып, екінші деңгейдегі банктерден, соның ішінде тауарлық несиелер алуға мәжбүрлеп, олардың ақшаларын заңсыз тартқан.
«Шындығында, төлемдер басқаларды тарту есебінен жүргізілді және төлемдер мөлшері салынған қаражат сомасының тек 10-15% ғана құрады. Әрі қарай «QNET»-ке адамдарды тұрақты тартудың болмауына байланысты төлемдер түспеген. Осылайша, төменде тұрған адамдар тұрақты негізде төлемдер алмаған, немесе жаңа тұлғаларды тарту арқылы аздап ақша берген. Ал ол тіпті банк мекемелерінде пайызбен алынған инвестицияланған жеке қаражатты да өтемеген. Оның қызметінің нәтижесінде 136 жәбірленушіге 145 млн теңгеден астам мөлшерде мүліктік залал келтірілді», - делінген баспасөз хабарламасында.
Сот үкімімен Qnet қаржы пирамидасының басшысы заңның 217-бабы 3-бөлігінің 2-ші тармағымен және 218-бабының 1-бөлігімен көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін кінәлі деп танылып, мүлкі тәркіленіп, азаматтардың ақшалай қаражаты мен инвестицияларды тартуға байланысты қызметпен айналысу құқығынан 5 жыл мерзімге айырыла отырып, 6 жылға бас бостандығынан айырылды.