«Әскерге барғанына 3 ай ғана болған»: Жетісуда жас сарбаз көз жұмды
Туыстары оның ұзақ уақыт бойы бүйрек ауруына шағымданғанын айтады
Жетісу облысында әскерге аттанғанына үш ай ғана болған сарбаз көз жұмды. Қыркүйек айында ғана әскерге шақырылған Әмір Байтұрғанов өз өмірін елге қызмет етуге арнамақ болған екен, деп хабарлайды Azattyq Ruhy агенттігі «Астана» арнасына сілтеме жасап.
Әмір үнемі спортпен айналысатын мықты жігіт болған. 2023 жылдың 21 желтоқсанында оның отбасына жағымсыз хабар жеткен - Әмір комаға түсіп қалған. Ал сағат 6:20-да жас жігіт қайтыс болған.
Белгілі болғандай бірер күн бұрын жауынгерлік жаттығулардан кейін Әмір өзін нашар сезініп, жоғары температурамен дереу ауруханаға жатқызылды. Дәрігерлер ыстығын уақытша түсіре алған көрінеді.
Қорғаныс министрлігі Бас әскери-медициналық басқарма басшысының орынбасары Берік Ільясов сарбаздың өліміне жіті инфекциялық менингит себеп болуы мүмкін дейді.
Бірақ туыстары өлімнің бұл нұсқасына сенбейді. Олардың айтуларынша, ұлы ұзақ уақыт бойы бүйрегі ауыратынына шағымданып келген.
«Бұған дейін ол бүйрек ауруы бойынша медициналық бөлімшеге бірнеше рет жүгінген. 28 қарашада ол бөлімшенің медициналық қызметінің басшысына УДЗ жасату үшін хабарласқан. Тек 6 желтоқсанда қалаға барып, УДЗ-ге түсіп, екі жақты пиелонефрит деген диагноз қойды. Медициналық бөлімшеге сол күні түскенімен 3 күн ғана емделді», - деді Мұрат Байтарғанов.
Туыстары өлімге ұзаққа созылған пиелонефрит себеп болды деп есептеп, қайғылы оқиғаның әділ зерттелуіне үміттенеді. Қорғаныс министрлігі бүйрек ауруы мен өлім арасындағы байланысты жоққа шығарады