«Қайрат» футболшыларының жалақысы екі есе қысқарады
Бұған ойыншылардың өздері өтініш білдірген
Алматылық клубтың футболшылары, жаттықтырушылары мен қызметкерлері сәуір айындағы еңбекақысын 50% - ға төмендету туралы шешім қабылдады. Бұл туралы Курсив «Қайрат» командасының баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.
«Сары-қара жолақтылар» күрделі кезеңде клубтың шығындарын қысқартуға көмектесу мақсатында осындай шешім қабылдаған. Бұл бастаманы футболшылар мен бапкерлер штабы көтерген. Онлайн-конференция өткізілгеннен кейін идеяны негізгі команданың барлық ойыншылары, сондай-ақ әкімшілік пен қызметкерлер қолдаған.
«Жалақыны елу пайызға төмендету шешімін біз ұсындық. Кеңес өткіздік, осындай қиын кезеңде адалдық көрсету керек деп шештік. Барлық ойыншылар – қазақстандықтар да, шетелдіктер де осы идеяға дауыс берді. Біз бірге қиындықтарды жеңе аламыз», - деді «Қайрат» капитаны Ғафуржан Сүйінбаев.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанның Кәсіпқой футбол лигасы (ҚКФ) Қазақстандық Премьер-Лига чемпионатын 15 сәуірге дейін тоқтатқан болатын.