Келесі жылы инфляция деңгейін 6-8%-ға дейін төмендету үшін жұмысты жалғастырамыз – Ә.Смайылов

Azattyq Rýhy

Биылғы жылдың 11 айында экономиканың өсуі 4,9%-ды құрады

Келесі жылы инфляция деңгейін 6-8%-ға дейін төмендету үшін жұмысты жалғастырамыз – Ә.Смайылов
Фото: t.me/KZgovernment

«24KZ» телеарнасына берген сұхбатында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов 2023 жылғы ЖІӨ және инфляция бойынша болжамды көрсеткіштер мен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың негізгі тапсырмаларының орындалуы туралы айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Жаһандық нарықта қалыптасқан қолайсыз факторларға қарамастан, биыл еліміздің экономикасы тұрақты өсіп келеді. Егер өткен жылды 3,2% өсіммен аяқтасақ, биылғы жылдың 11 айында экономиканың өсуі 4,9%-ды құрады. Ал жылдың қорытындысы бойынша осы өсім 5%-ға жақын болады деп күтілуде», - деді Әлихан Смайылов.

Экономиканың барлық негізгі салаларында оң динамика қалыптасып отыр.

Мәселен, құрылыста өсім 13%, саудада – 11%, байланыс секторында – 8%.

«Экономикалық өсудің негізгі драйвері инвестициялар болып табылады. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 15%-ға өсіп, 15 трлн теңгені құрады», - деп атап өтті Премьер-министр.

Биылғы басты сын-қатерлердің бірі инфляция болды.

«Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысы Үкімет алдына инфляция деңгейін екі есеге төмендету міндетін қойды. Ол үшін Үкімет Ұлттық банкпен бірлесіп, жедел және орта мерзімді іс-шараларды жүзеге асырды. Осы жылдың қорытындысы бойынша инфляция деңгейі 9,8% маңайында болады деп күтілуде. Бұл – инфляция екі есе төмендейді деген сөз. Келесі жылы біз инфляция деңгейін одан ары, яғни 6-8%-ға дейін төмендету үшін жұмысты жалғастырамыз. Өзімізге осындай мақсат қойып отырмыз», — деді Әлихан Смайылов.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.