Алматыдағы №1 қалалық клиникалық ауруханасы апаттық жағдайда - депутат
Депутаттар "Smart Health University City" ЖШС-не қаржылық тексеру жүргізу қажет деп санайды
«Аманат» депутаттық фракциясы Алматыдағы №1 қалалық клиникалық ауруханада қалыптасқан жағдайға байланысты Денсаулық сақтау министрлігіне сауал жолдады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
«АМАНАТ» партиясы Партиялық бақылау комитетінің отырысы кезінде Мәжіліс депутаты, «АМАНАТ» партиясы фракциясының мүшесі Константин Авершин аталған іске қатысты тың деректермен бөлісті.
«Бізге аталған мекеме қызметкерлері үндеу жолдап хабарласқан еді. Негізгі туындаған мәселе аурухананың жекенің қолына, «Smart Health University City» ЖШС-не сенімгерлік басқаруға берілгеннен кейін апаттық жағдайға жеткені. Мәселенің әлеуметтік маңыздылығы жедел түрде жауап беруді талап етті. Депутаттық сауалдан бөлек, «Аманат» партиялық бақылау арқылы мәселе көтеріліп, ағымдағы жағдайды тексеру үшін комиссия құрылды. Нәтижесінде №1 қалалық клиникалық ауруханадағы жағдай біз ойлағаннан да қиын екенін көрдік», - дейді депутат.
Депутаттық сауал бойынша көтерілген проблемалардың ішінде жалақыны кешіктіру, қажетті дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етпеу, штаттық қысқарту сияқты мәселелер бар. Клиникалық аурухана санитарлық нормаларға ғана емес, қарапайым санаға қайшы келетін аянышты жағдайда.
«Бір жылдан астам уақытқа созылған сеніп тапсырылған мемлекеттік мүлікке немқұрайлы қарауды жасыруға болмайды. Үстіңгі қабаттағы барлық дерлік бөлімшелерде, соның ішінде жансақтау бөлімінде де, операция бөлмесінде де төбеден су ағып жатыр. Зарарсыздандырылған, тазалық сақталуы тиіс операциялық бөлмеде төбеден су ағады. Бұл ең үлкен қаланың жетекші емханасы емес, әскери операциялар кезінде салынған далалық госпиталь сияқты. Ғираматтың холы аққан су салдарынан құлайын деп тұр. Пациенттер немесе қызметкерлердің үстіне құласа таңқалмаймын», - деді Константин Авершин.
Оның айтуынша, жедел жәрдем бөлімшесінде қызметкерлерге қарапайым тұрмыстық жағдайлар қарастырылмаған. Демалуға және тамақтануға арналған орын жоқ.
Тамақтану бөлмесінің қабырғалары көгеріп, иістеніп кеткен. Яғни, тамақ дайындалатын жерде микотоксиндер бөлетін саңырауқұлақтардың плантациялары бар.
«Мекеме жекенің қолына өткенге дейін аурухана оңалту және физикалық емдеу саласындағы үздіктердің бірі болғанын атап өткім келеді. Мекеме құрамында хлор, азот, радон бар натрий хлоридті судың минералды бұлағы бар аумақта орналасқан, Алматы облысындағы Тұзкөл көлінің емдік лайы пайдаланылды. Тиісті инфрақұрылым жұмыс істеді, оның ішінде бассейн де болған еді. Көріп отырғанымыздай қазір оның бірі де жоқ. Осындай олқылықтарды біле тұра, Алматы денсаулық сақтау басқармасы №1 қалалық клиникалық аурухананың мәселелеріне қызығушылық танытып отырған жоқ. Оның үстіне, олар тарапынан диверсия болды. Денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары, "Аманат" партиясының мүшесі, мекеме қызметкерлеріне көмек көрсетудің орнына қоғамдық ұйымның өкілі, білікті көп жылдық тәжірибесі бар дәрігерді өрескел жағдайда жариялы түрде жұмыстан қуып жіберді. Бұл жағдайды «Аманат» партиясының партиялық бақылау комитетінің жұмысына кедергі жасау деп білемін. Мен Денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасарын партиядағы тәртібін этикаға сай тексеруді талап етемін», - деді ол.
Депутаттың сөзінше, "Smart Health University City" ЖШС қатысты сенімгерлік басқару шартының талаптары сақталды ма, бұл мекеме өзіне жүктелген міндеттерді орындай алды ма? деген сауалға әлі де жауап жоқ. Аурухананың қазіргі жағдайын және қызметкерлердің жалақы ала алмай, қысқартуға ұшырағанын ескерсек, аталған мекеме қаражатты қайда жұмсап отыр деген сұрақ туындайды? Сондықтан "Smart Health University City" ЖШС-не қаржылық тексеру жүргізу қажет екенін ескертті. Сонымен қатар, ол бұл іске қатысты тексеру аяқталмағанын, керісінше енді басталғанын атап өтті. Бұл оқшауланған жағдай емес, бүкіл республика бойынша жүйелік проблема екенін атап, оны неғұрлым тезірек ашпаса, соғұрлым жағымсыз салдары көбейетінін айтты.