Ұлттық банк 2020 жылы номиналы 200 теңгелік монетаны айналымға шығарады
Ұлттық банк 2020 жылы 200 теңгелік монетаны айналысқа шығарады, деп хабарлайды қаржы ұйымының баспасөз қызметі
Ұлттық банк таратқан хабарламаға қарағанда, қаржы реттеушісінің маңызды міндеттерінің бірі - қолма-қол ақша айналысында жүрген ақшаның сапасын қамтамасыз ету.
«Төмен номиналдағы банкноттар 1-1,5 жыл ішінде тозады. Жоғары номиналдағы банкноттар және монеталардың қолданылу мерзімі көбірек. Монеталардың қолданылу мерзімі - 10-15 жыл», - деді Қолма-қол ақша айналысы департаментінің басшысы Жомарт Қажмұратов.
Қолма-қол ақша айналысын тиімді ұйымдастыру және төмен номиналдардың қолданылу мерзімін ұлғайту мақсатында Ұлттық банк номиналы 200 теңгелік айналыстағы монетаны шығару туралы шешім қабылдады.
«Номиналы 200 теңгелік банкноттар заңды төлем құралы болып қалады және төлемдердің барлық түрлері бойынша қабылдануға міндетті. Олар табиғи тозуына қарай айналымнан алынатын болады», - деді Ұлттық банк өкілі.