$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
18.10.2019, 10:37
Жаңалықтар

Кеңестік оқулықтармен білім алып жүрген жастар егіншілікке қалай жаңалық енгізбек?!

Шаруашылық басшыларының сөзінше, жұмыс сұрап келетін жастар арасында қарапайым асбұршақ пен зығырдың не екенін білмейтіндер бар

Кеңестік оқулықтармен білім алып жүрген жастар егіншілікке қалай жаңалық енгізбек?!

Еліміздің ауыл шаруашылығы білікті мамандарға зәру. Әсіресе агроном, инженер және мал дәрігерлері тапшы. Қазақстанда аграрлық сала мамандарын даярлайтын оқу орындары көп. Бірақ оларда әлі күнге дейін студенттерге кеңестік оқулықтармен білім беріліп келеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

«Зенченко және К» коммандитік серіктестігі – Солтүстік Қазақстан облысындағы алдыңғы қатарлы агроқұрылымдардың бірі. Серіктестік мал шаруашылығы, дәнді және майлы дақылдар өсірумен қатар, өрісін малға толтырып, сүт өнімдерін өндірумен де айналысады. Соңғы үлгідегі техникамен жарақтандырылған бірнеше сүт фермасы бар. Серіктестік басшылығы өз жұмысшыларын баспанамен қамтамасыз етіп, әлеуметтік көмек көрсетеді. Новоникольское ауылында балабақша, мектеп, спорт сарайы  мен тағы басқа әлеуметтік нысандарды салған. Шаруашылықтың бас директоры Геннадий Зенченко осындай жағдай жасалғанына қарамастан, ауылға білікті мамандарды тарту қиын екендігін айтады. Диқан бұл мәселені жуырда Петропавл қаласында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысумен өткен ауылды дамыту жөніндегі кеңесте де көтерген болатын.

 «Біздің серіктестік биыл гектарынан орта есеппен 30 центнерден артық өнім алды. Заманауи технологиялар агроөнеркәсіп кешенінде серпіліс жасауға мүмкіндік береді. Жұмыстың барлығын автоматтандыруға күш салып жатырмыз. Алайда ауыл шаруашылығы саласында озық техниканың тілін меңгерген білікті жастар жоқ. Оқу орындары ескі технологиялар бойынша білім береді. Ондай мамандарға еңбек нарығында сұраныс болмайтыны анық. Жаңа үлгідегі шетелдік комбайндардың барлығы компьютерлендірілген. Сондықтан, бізге келген жастарға бәрін басынан үйретуге тура келеді.  Одан басқа амал жоқ», – дейді Геннадий Зенченко.

Қызылжар өңірінде ауыл шаруашылығы саласының мамандарын даярлайтын негізгі оқу орындарының бірі – М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті. Білім ордасында агрономия, мал шаруашылығы, орман шаруашылығы, азық-түлік технологиясы мамандықтары оқытылады.

 «Өткен жылы Білім және ғылым министрлігі рейтинг шығарды. «Атамекен» ҰКП, яғни жұмыс берушілердің өздері барлық білім бағдарламаларына сараптама жасады. Әрбір пәннің мазмұны, тақырыбы, зертхана жұмыстары сараланды. Жұмысқа орналастыру бойынша да сауалнама жүргізілді. Нәтижесінде біз алдыңғы қатарда болдық. Осының өзінен біраз дүниені аңғаруға болады. Университеттер бір орында тұрған жоқ. Біз жұмыс берушілермен байланыс орнаттық. Өңірдегі алдыңғы қатарлы шаруашылықтардың мамандары келіп, студенттерге сабақ береді. Озат жастарды шет елдерге тәжірибеге жібереміз. Аграрлық салада маман жетіспейтіні рас. Өйткені студенттер ауылға барғысы келмейді. Және агрономия мамандықтарына саналы түрде емес, кездейсоқ келетіндер де бар», – дейді М.Қозыбаев атындағы СҚМУ агротехникалық факультенінің деканы Алтын Шаяхметова.

Деканның айтуы бойынша, өткен жылы диплом алған түлектердің 80 пайызы жұмысқа орналасыпты. Солардың қаншасы шынымен жұмыс істеп жүргені белгісіз. Себебі, университет жұмысқа тұрғандығы жөнінде анықтама қағазын  талап еткендіктен түрлі амал тауып, жалған құжат әкелуге мәжбүр болатындар да жоқ емес. Шаруашылық басшыларының сөзінше, жұмыс сұрап келетіндер арасында қарапайым асбұршақ пен зығырдың не екенін білмейтіндер бар.

«Университеттегі оқулықтар ескі. К-700 бен ДТ тракторлар туралы жазылған. Қазір дамыған шаруашылықтарда ондай техника атымен жоқ. Өзім агроном мамандығына жүрек қалауымен түстім. Бірақ оқу ақысына төлеген ақша мен уақыттың зая кеткені қынжылтады. Жұмысқа орналасқан соң, барлығын басынан бастап, тәжірибе жүзінде қайта меңгеруге тура келді. Дегенмен, «университетте ештеңе үйренбедім» деп айту да әбестік болар. Оқытушылар барынша білім беруге тырысты, тек соған сай материалдық техникалық база мен, оқулықтар жоқ. Бағдарлама да ескірген», – дейді М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-нің түлегі.

«Бүгінгі күні жастар ауыл шаруашылығы мамандықтарына баруға құлықсыз. Бұл өзекті мәселелердің біріне айналып барады. Талапкерлердің мемлекеттік білім грантын иелену мақсатында мамандықты кездейсоқ таңдауы белең алды. Ондай студенттердің білім алуға ынтасы да болмайды, әйтеуір екі қолға бір дипломды алсам деген мақсат ұстанады. Соның кесірінен қанша ақша мен уақыт нәтижесіз кетіп жатыр. Ертеректе ауыл шаруашылығы мамандықтарында оқитын ұлдардың саны басым еді, қазір 70-80 пайызы қыздар. Олардың көбі өз мамандығына сәйкес елді мекендерге барып еңбек етпейтіні анық. Соның нәтижесінде білікті кадр жетіспеушілігі мәселесі туындап отыр. Балаларды мектеп жасынан  қандай да бір маман иесі болуға бейімдеуіміз қажет», – дейді биология ғылымдарының докторы Әйіп Ысқақов.

Жер шары тұрғындарының саны көбейіп, азық-түлікке деген сұраныстың артуы ауыл шаруашылығына жаңаша бетбұрыс жасауды талап етеді. Бұл салада мол өнім алу үшін жоғары технологияларды пайдалану шарт. Әлем елдері ұлтарақтай жерден тонналап өнім алып жатқанда, топырағы құнарлы Қазақстанда егін шығымдылығының көрсеткіші көп жылдардан бері өзгеріссіз келеді. Биыл диқандар 22,3 миллион гектарға дән сеуіп, гектарынан орташа 12 центнерден өнім алды, ал Канадада дәл сондай алқаптан 50-60 центнерден айналады. Бұл ауыл шаруашылығында білікті мамандар еңбек етіп, тың технологияларды енгізуінің арқасында мүмкін болды. Ал біздің елде кеңес заманынан қалған ескі кітаптармен оқып жүрген жастар салаға жуық арада қандай да бір жаңалық енгізе алар ма екен? Сену қиын...

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО

Суреттердің авторы: Талғат Тәнібаев

Серіктес жаңалықтары