Салық төлеуден жалтарған қазақстандық Камеруннан экстрадицияланды
Қазіргі уақытта күдікті Астана қаласының тергеу изоляторына қамауға алынды
Қазақстанның Бас прокуратурасы мен ІІМ-нің Интерпол қызметкерлері Қазақстан Сыртқы істер министрлігі және Камерундағы Қазақстан Құрметті консулының көмегімен аталған африкалық елден Қазақстан азаматын экстрадициялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бас прокуратураның баспасөз қызметі ұсынған мәліметке сүйенсек, ол 2017-2019 жылдары жалған счет-фактураларды пайдалану жолымен 720 млн теңге сомасынан астам салықтар төлеуден жалтарған деген күдікке ілінген. Қылмысты жасағаннан кейін күдікті тергеуден жасырынып, оған халықаралық іздеу жарияланған.
Осы жылдың маусым айында ол Камерун Республикасының аумағында ұсталғандықтан, Бас прокуратура оны беру туралы сұрау жолдаған. Қазақстан мен Камерун арасында ұстап беру туралы шарттың болмауына қарамастан, камерун тарабы ол сұрауды қанағаттандырды.
Қазіргі уақытта күдікті Астана қаласының тергеу изоляторына қамауға алынды. Осындай қылмыс жасаған тұлғаларға 5 жылдан 8 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.