$ 498.55  524.28  4.75
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Жеңіс Қасымбек Астанада көлік кептелісін шешудің амалдарын айтты

Биыл Астанада 70-тен астам көше жөнделген

Жеңіс Қасымбек Астанада көлік кептелісін шешудің амалдарын айтты
Фото: Абзал Калиев

Президент тапсырмасы бойынша кешенді көлік жүйесін дамыту стратегиясы әзірленіп жатыр. Елорда әкімі Жеңіс Қасымбек жол-көлік инфрақұрылымын дамыту мәселесі туралы айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

«Тәуелсіздік даңғылының бойындағы жаңа көпір көлік кептелісі жиі болатын орындардағы қиындықты реттеді. Мысалы, Мәңгілік ел даңғылында көлік кептелісі 20%-ға дейін, Сарайшық көшесі мен Ұлы Дала көпірі сәйкесінше 15%-ға дейін азайды. Сондай-ақ, Түркістан, Ақмешіт және т.б. көшелердегі кептеліс азайды. Келер жылы Тәуелсіздік даңғылының Қабанбай батыр даңғылына дейінгі жалғасын салуды жоспарлап отырмыз», - деді Жеңіс Қасымбек.

Оның айтуынша, Айтматов көшесі ашылғаннан кейін Сығанақ көшесі мен Ұлы Дала даңғылы арасындағы Тұран даңғылында көлік ағыны айтарлықтай төмендеді. Нәтижесінде көлік кептелісі 12%-ға төмендеді. Сонымен қатар, шағын айналма жолдың құрылысы, Кенесары көшесі мен Қорғалжын тас жолының ауданында жаңа көпірдің құрылысы жүргізіліп жатыр, құрылыс жұмысы келер жылы басталады.

«Сол сияқты биыл 70-тен астам көше жөнделді, 400 жаңа автобус сатып алынды – олардың 300-ден астамы пайдалануға берілді. Қалғанын 2024 жылдың 1 тоқсанында жеткізу жоспарланып отыр. Жоғарыда аталған барлық шара қозғалысы қарқынды учаскелерге түсетін жүктемені айтарлықтай азайтуға және қаланың жол-көлік инфрақұрылымын жақсартуға мүмкіндік береді», - деді ол.

Астана әкімі сондай-ақ биыл Астанада бірқатар инфрақұрылым нысаны салынып, пайдалануға берілгенін айтты. Олар – «Оңтүстік-Шығыс» газ жылу станциясы, «Тұран» газ жылу станциясының бірінші кезеңі, ЖЭО-3-тің бірінші кезеңі және ауыз су станциясы (НФС-3).

«Өткен жылыту маусымында 432 Гкал жылу тапшы болды. Биыл үш жылумен жабдықтау нысанының құрылысы аяқталғандықтан, жағдай керісінше, профицитке шығып тұр. Мысалы, қазан айында ЖЭО-3-тің бірінші кезеңінің құрылысы аяқталды, ол құрылысы ұзаққа созылған нысанға айналған болатын. Аталмыш жылу электр орталығында барлық төрт қазандық жұмыс істейді. Бұл қалаға сағатына 440 Гкал береді. ЖЭО-3 сол жағалаудың бір бөлігін және жаңа салынып жатқан аудандарды жылумен қамтиды», - деді әкім. 

Оның айтуынша, жаңа қуаттар жаңа энергия көздеріне іске қосылды.

«Бұл газ жылу станциялары (ГЖС) Қазақстанда алғаш рет ашылып отыр. «Оңтүстік-Шығыс» газ жылу станциялары мен «Тұран» бірінші кезеңінің қуаты сағатына 700 Гкал құрайды. Бұл ЖЭО-3 қуатынан екі есе артық. «Оңтүстік-Шығыс» газ жылу станциясы «Бағыстан», «Мыңжылдық аллеясы» тұрғын үй кешендерін, қаланың сол жағалау бөлігін жылумен қамтамасыз етеді. Ал «Тұран» газ жылу станциясы қаланың сол жағалауында құрылысы жүріп жатқан жаңа аудандарды қамтиды. Келер жылы ең алдымен «Телман» газ жылу станциясын және екінші кезекте «Тұран» газ жылу станциясын пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл қаланы тағы 850 Гкал/сағ жылу қуатымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Осылайша алдағы 5 жыл ішінде резервтік жылу қуатын қамтамасыз етеді», - деді Қасымбек.

Серіктес жаңалықтары