Әуежайлардағы техника мен жабдықтардың 50%-ы тозған
Әуежайлардағы 230 бірлік техниканы жақын арада жаңарту қажет

Әуежайлардағы арнайы техника мен жабдықтарына тоқталатын болсақ, олардың тозу деңгейі 50%-ды құрайды, жақын арада 230 бірлік техниканы жаңарту қажет. Бұл туралы Көлік министрі Марат Қарабаев Үкімет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Оның айтуынша, барлық әуежайларда мобильділігі төмен жолаушыларға қажетті жағдайларды қамтамасыз ету үшін мүгедектер арбасын және амбулифт сатып алу маңызды мәселе болып тұр.
«Бұл жобаларды қаржыландыру жұмыстары жеке әуежайлар үшін өз қаражаты немесе жеңілдетілген кредиттеу есебінен атқарылатын болады. Ал, мемлекеттік әуежайлар үшін Қаржы министрлігімен бірлесіп бюджеттен қаражат бөлу мәселесін пысықтаудамыз», - дейді министр.
Сонымен қатар, әуежайларға жақын жерлердің заңсыз берілуі ұшуға қауіп төндіретінін айтты.
«Ағымдағы жылы әуежай аумақтарында жаңа объектілердің пайда болуына жол бермейтін заңнамалық өзгерістер қабылданды. Осыған байланысты, әкімдіктер әуежай маңындағы аумақта заңсыз құрылысқа жол бермеуге ерекше назар аударып, бұрын берілген жер учаскелерін мемлекетке қайтару жөнінде шаралар қабылдауы қажет», - деді Марат Қарабаев.
Авторы: Еркежан АЙТҚАЗЫ