Өңірлерде коронавирус жұқтырғандар саны күрт артты – Біртанов

Науқастармен байланыста болған 19 112 адам анықталған

Өңірлерде коронавирус жұқтырғандар саны күрт артты – Біртанов

ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан коронавирус анықталғандар саны әсіресе, өңірлерде көбейіп жатқандығы туралы айтты.

«Өткен тәулік бойынша жаңа 78 науқас тіркеліп, өсім деңгейі 13 пайыз болды. 78-дің ішінде елордада 2 науқас қосылды, өсім деңгейі – 0,9% . Алматы қаласында жаңа 3 науқас бар, өсім – 3%. Басқа өңірлерде 73 жаңа науқас тіркелді. Олар өткен тәулікте 29%-ға өсті. Ақмола облысында 19 науқас қосылып, 83%-дық өсім көрсетті. Қарағанды облысында 16 науқас тіркеліп, өсім 50% болды. Үшінші орында Қызылорда облысы тұр. Жаңа 13 науқас бар, өсім – 35%. Сонымен қатар, Таразда жаңа 12 науқас бар, өсім деңгейі 43%-ды құрайды. Қазіргі күнде ең үлкен өсім өңірлерде», - деді Е. Біртанов бүгінгі Үкімет отырысында.

Елімізде коронавирустан қайтыс болған науқастар саны – 6 адам. 46 науқас емделіп шыққан. 680 адам ауруханада жатыр. Алты науқастың жағдайы нашарлап, жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Орташа деңгеймен – 88, жеңіл жағдайда 510 науқас жатыр.

Жалпы, ел бойынша вирус анықталғандармен байланыста болған 19 112 адам бар. Олардың 97%-ы табылып, оқшауланған.

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.