Шымкентте құны 1 млрд теңгеден асатын жер телімдері мемлекетке қайтарылды
Жер қойнауын пайдаланушылар келісімшарттық міндеттерін адал орындамаған

Шымкентте жер қойнауын пайдаланушылардың қызметінен бірқатар заңбұзушылық анықталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Қала прокуратурасы өз келісімшарттық міндеттемелерін орындамаған 17 жер қойнауын пайдаланушыны анықтады.
«Мемлекеттен пайдалы қазбалары бар жерлерді алғанда жер қойнауын пайдаланушылар бірқатар шартты, оның ішінде әлеуметтік сипаттағы шарттарды орындауға міндеттеледі. Алайда барлық жер қойнауын пайдаланушылар өздерінің келісімшарттық міндеттерін адал орындамаған», - деп атап өтті ведомство өкілдері.
Осыған байланысты прокуратура қасақана заң бұзушыларға қатысты шаралар қабылдау бойынша қадағалау актісін енгізді.
«Нәтижесінде жергілікті атқарушы органдар 7 келісімшартты бұзып, мемлекетке кадастрлық құны 1 млрд теңгеден асатын 116 га жер учаскесін қайтарды. Ал 10 келісімшарт бойынша жер қойнауын пайдаланушылар оларға жер беру үшін негіз болған 6 млн. теңге сомасында шарттарды орындады», - делінген ведомство хабарламасында.
Сондай-ақ прокурорлар жер қойнауын заңсыз өндірудің 5 фактісін анықтады (ешқандай құқық белгілейтін құжаттарсыз )және кінәлі тұлғалар ӘҚБтК-нің 139-бабы бойынша әкімшілік жауаптылыққа тартылды (жер қойнауына мемлекеттік меншік құқығын бұзу).