Миланда ұрылар банктің астынан қазып кіріп, тонап кеткен
Қылмыстық топ ақшаны ала салысымен із суытқан
Милан банктерінің біріне жер астын қазу арқылы кірген қарақшылардың олжасы 160 мың еуроны құраған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Corriere della Sera басылымы жазғандай, ұрылар банкке сәрсенбі күні таңертең кірген. Бұл уақытта мекеме жұмысы басталып, клиенттер қабылдап жатқан.
«Төрт адамнан тұратын топ кіріп келіп, банк қызметкерлері мен келушілерді, яғни 7 адамды кепілге алып, олардың аяқ-қолын байлап тастаған», - делінген хабарламада.
Екі банк қызметкері қарақшыларға сейфті ашып беруге мәжбүр болған. Ұрылар ақшаны ала салысымен із суытқан.
Оқиға орнына жеткен полицейлер көрші пиццерияға апаратын туннельді тапты.
Жәбірленушілер бетперде киген қарақшылардың елдің оңтүстік өңіріне тән сөйлеу мәнерімен сөйлегенін хабарлады.