$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

БҚО әкімі Ақжайықтағы игі істермен танысты

Облыс басшысы кооперативтердің жұмысын көзбен көрді

БҚО әкімі Ақжайықтағы игі істермен танысты

Ақжайық ауданында жұмыс сапарымен болған облыс әкімі Нариман Төрғалиев Тайпақ ауылындағы «Тамашев» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі мен «Қуаныш» жеке кәсіпкерлігіне барды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жүзеге асқан кооператив пен кәсіпкерлік обьектісі жұмысын биыл бастаған. Келер жылы ісін одан әрі дамытпақшы. Құрамында бес ауыл тұрғынын қосқан ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің мүшесі Аманжол Тамашев бағдарлама бойынша 2,5 пайызбен берілетін несие рәсімдеп, оған картоп егуге арналған бір 4 қатарлы, бір 2 қатарлы жер жырту құрылғысын, 1-плуг, 1-культиватор, 1-борона сатып алған.

«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында қажетті техника алудың сәті түсті. Енді өзіміз сияқты бақша егіп, іс қылып жүрген бірнеше отбасымен бірігіп, кооператив құрдық. Енді бірлесе отырып, көкөніс егуді қолға аламыз», – дейді «Тамашев» АШӨК мүшесі Аманжол Тамашев.

Жайық жағасындағы 10 гектар жерінің жартысына картоп еккен шаруа пияз пен сәбіз салуды да қолға алмақ. Сонымен қатар ауылда өнім сақтайтын қойма тұрғызуды да ойластырып жатыр.  Кооператив меншігінде 109 гектар жер бар. Кооператив жұмысымен танысқан өңір басшысы ауыл азаматтарының басы қосылып, бақша егуді қолға алғаны жақсылықтың нышаны екенін айтты.

«Бірігіп жасаған шаруа берекелі болады. Кооперативтің әр мүшесі өзіне жүктелген жұмысты тиісті деңгейде атқарса, кәсіп оңға басары сөзсіз. Оның үстіне жаңа техникаға өтемақы беріледі. Сондай-ақ облыс орталығына қоймалар салып жатырмыз. Артылған өнімді тұрақтандыру қоры арқылы сол жерге сатуға болады», - деді өңір басшысы Нариман Төреғалиев.

Облыс әкімі кооперативке біріккен жандар мен кәсіп ашам дегендерге келер жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы қаражат берілетінін де айтты. Жалпы ауданда кәсіпкерлік жақсы дамып келеді. Аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Әлібек Бәкіровтың айтуынша, «Ауыл аманаты» бағдарламасы шеңберінде несие алуға 125 өтінім түсіп, оған 854 миллион теңгеден астам қаржы қарастырылған. Ол өтінімдердің 98-і қаржыландырылған. Кәсіп ашам деп несие алғандарға 708 миллион теңге бөлінген.

Ақжайық ауданы әкімінің міндетін атқарушы Мұрат Сердалин халықпен жүздесуде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы барысын баяндады. Мұрат Амангелдіұлының айтуынша, мемлекетіміздің қарқынды дамуы еліміздегі аграрлық секторға тікелей байланысты. Мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығын дамытуға баса мән беріліп келеді. Бүгінде ауданда 1213 ауыл шаруашылық құрылымы жұмыс жасауда.

Статистикалық мәліметке сәйкес, төрт түлік мал басының да өсімі бар. Күні бүгінде 132 мың бас мүйізді ірі қара, 245 мың бас ұсақ мал, 51 мың бас жылқы, 261 бас түйе, 27 мың құс тіркелген.

Аудан әкімдігімен жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде аудан бойынша 11 шаруа қожалығы пайдаланбай отырған 7437 гектар жер учаскелерін мемлекет меншігіне қайтарған. Аудан аумағында Жайық өзенінің екі жақ бетінде ауыл шаруашылығы қажеттілігін сумен қамтуға арналған – «Жайық – Көшім» суармалау-суландыру және «Азнабай-Тайпақ» суландыру жүйелері орналасқан. «Жайық – Көшім» суармалау-суландыру жүйесіне кіретін Киров су қоймасын қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Жоба аяқталып, іске қосылғасын ауданның сол жақ бетіндегі ауыл шаруашылығы құрылымдарын сумен қамтып отырған «Жайық – Көшім» суармалау-суландыру жүйесінің қызмет атқару тиімділігі артары сөзсіз.

«Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында 2021 жылы Ащы-Азнабай-Тайпақ каналын және Азнабай-Тайпақ суландыру жүйесін жөндеу, қалпына келтіру жұмыстары басталған болатын. Ағымдағы жылы Ащы-Азнабай-Тайпақ каналын жөндеу жұмыстары аяқталып, облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды басқармасыменжер телімін тіркеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, Аяқ су қоймасын және Азнабай-Тайпақ суландыру жүйесін қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда. Жобаға сәйкес 43,3 шақырым канал мен 12 тоғанды қалпына келтіріп, тазалау жұмыстары және Аяқ су қоймасын тазалау, терендетіп жан-жағын бекіту жұмыстары, су тастау құрылымдарының құрылысы жүзеге асырылуда. Құрылыс жұмыстары 80 пайызға орындалған. Жоба құрылысы ағымдағы жылдың желтоқсан айында аяқталуы көзделген. Жоба жүзеге асқан жағдайда ауданның Бұхар бетіндегі ауыл шаруашылығы саласының дамуына үлкен серпіліс береді, бірінші кезекте төрт түлік малға қажетті тұрақты су көзі мәселесі шешіліп, мал басы көбейеді, бос жер телімдерін беру арқылы шаруа қожалықтардың саны өседі, суармалы көпжылдық шөптерді және бау-бақша дақылдарын егу қолға алынады, жаңа инвестициялар тартылады деп жоспарлануда.

«Ақжайықта жыл сайын мал азығының жеткілікті сапалы қорын дайындау – өзекті мәселелердің бірі. Шаруаларымыз мал азығын дайындау барысында ауа райына тәуелділікті азайтып, кепілді мал азығы қорын жинақтауды қолға алу қажеттілігін түсініп, соңғы жылдары құнарлығы жоғары екпелі мал азықтық шөптерді егуге үлкен бетбұрыс жасауда. 2014-2021 жылдары аралығында екпелі шөп егістік көлемі аудан бойынша 687 гектарды құраса, 2022 жылы 1487 гектарға, биыл 2094,5 гектарға егіліп, 29%-ға өсіп отыр.  Шаруалар суармалы жерлерде мал азықтық дақылдар өсіруде заманауи, алдыңғы қатарлы дүниежүзіне танымал жаңбырлатқыш қондырғылар жасайтын өңдірушілердің су үнемдеу технологиясын пайдалануды қолға алуда. Атап айтсақ, 2021 жылы «Аманер» шаруа қожалығы 3 дана барабанды үлгідегі жаңбырлатқыш қондырғысын, 2022 жылы «Сәбит» шаруа қожалығы «AFKO» компаниясының 2 дана, «Мұқадес» шаруа қожалығы 2 дана «Атлантик» айналмалы үлгідегі жаңбырлатқыш қондырғыларын сатып алып, іске қосса, биылғы жылы «Ақжайық-Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 400 гектарды суаруға қажетті барлық инфрақұрылымын дайындап, қараша айында 1 дана отандық зауытта құрастырылған «Кубань» және 4 дана «Бауер» (Австрия)қондырғыларын сатып алып, 2024 жылы іске қосуды жоспарлауда. Бүгінгі күнге дейін егілген 2094,5 гектар мал азықтық дақылдардың 304,5 гектары арнайы жаңбырлатқыш қондырғыларымен суарылуда», – дейді Мұрат Сердалин.

Жалпы аудан бойынша 2029 жылға дейін екпелі шөп көлемін 5300 гектарға жеткізу, оның ішінде суды үнемдеу технологиясын енгізіп, жаңбырлатқыш қондырғыларменсуарылған екпелі шөп көлемін 2733 гектар егістікке жеткізу жоспарлануда.

Ауданда «2021-2023 жылдарға шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту және инвестиция тарту жөніндегі іс-шаралар жоспары» қабылданып, биыл үшінші жыл кәсіпкерлерге қолдау көрсетуге арналған арнайы жұмыс тобы қызмет атқаруда. Жұмыс тобымен бүгінгі күнге ірілі ұсақты 30 жоба сүйемелденуде. 2023 жылдың 10 айында негізгі капиталға барлығы 8,1 млрд. теңге инвестиция тартылып, былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 43,8 пайызға өсіп отыр. Мемлекет тарапынан ауыл халқының табысын арттыру мақсатында қолға алынған «Ауыл аманаты» жобасы аясында 852,4 млн теңге несие қаражаты мақұлданған. Соның 98 өтінімі 708,0 млн теңгеге несиеленді. 98 өтінімнің 45-і бойынша 360,7 млн теңге қаражат игерілген.

Әр сала бойынша Ақжайықта атқарылып жатқан игі істерді  бағамдаған облыс әкімі Нариман Төреғалиев  жыл межесінде халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсартуға негізделген бірқатар жұмыстар атқарылғанын, алда тұрған міндеттер одан да көп екенін жеткізді.

Кәусар БАЙҒАЛИЕВА

Серіктес жаңалықтары