«Ұят болады»: 750 мың теңгеге той жасаған жас жұбайлар пәтер сатып алды
Олар той жасаудың орнына саяхаттауды және үй алуды жөн көрген
«Қазақстан» телеарнасындағы «1001 түн» бағдарламасының тікелей эфирінде жас отбасы Кенжебек Зұлқарнаев пен Айдана Хожанова 750 мың теңгеге той жасау кімнің идеясы болғанын айтып берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Күйеуім екеуміз қыз бен жігіт болып жүргенде отбасын құру жайлы талқыладық. Сол кезде үлкен той жасамаймыз деп келістік. Дүркіретіп той жасағымыз келмеді. Өзім көпбалалы отбасыдан шықтым. Аға-әпкелерімнің тойын көріп өстім. Ата-анамның ұят деп қиналған сәттері болды. Сондықтан ондай тойды жасағым келген жоқ», - дейді Айдана Хожанова.
Ол ұзату тойын жасағысы келмегенін атап өтті.
«Себебі босқа кететін шығын деп есептеймін. Сырға салуға 11 адам ғана қатысты», - дейді Айдана.
Кенжебек Зұлқарнаев та үлкен тойлар ұнамайтынын айтты.
«Той үйде болды. 40-50 адам шақырдық. Үнемделген ақшаны саяхатқа жұмсадық. Ипотеканың алғашқы жарнасын көбірек салдық. Күнделікті мейрамханаларға, өзімізге қызық заттарды алуға кетті», - дейді отағасы.