Көкшетауда ер адам жұрттың көзінше жылы аялдамада дәрет сындырды
Оның әрекеті желі қолданушыларының ашуын туғызды
Көкшетау тұрғындары қаладағы жылы аялдамалардың бірінде дәрет сындырған ер адамның әрекетіне наразылық білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде жарияланды. Пікір қалдырушылар мұндай әрекетке жол беруге болмайды деп есептейді.
«Сұмдық қой! Осындай адамдардың кесірінен басқалар зардап шегеді. Адамдар бәрін тез бүлдіреді – содан кейін қала үшін бірдеңе жасауға ешкімнің зауқы соқпайды», – деп жазды желі қолданушылары.
Жағдайға Көкшетау қалалық полиция басқармасы түсініктеме берді. Ведомствоның хабарлауынша, видеода бейнеленген ер адам – II топтағы мүгедек. Ол мүгедектер арбасында отырады, аяғы жоқ екені тиісті медициналық құжаттармен расталған.
Полиция оның әрекетінде ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабы («Ұсақ бұзақылық») бойынша құқық бұзушылық белгілері болғанын атап өтті. Алайда ҚР ӘҚБтК-нің 71-бабына сәйкес, ауруына байланысты ол әкімшілік жауапкершіліктен босатылған.
«Полиция қызметкерлері мұндай жағдай қайталанбауы қажеттігі жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, денсаулық жағдайын бағалады. Аталған азамат бейімдеу орталығына орналастырылды», – деп хабарлады полиция.