«Әйелдердің босану жасы ұлғайды»: Францияның атақты дәрігерлері Алматыға келді

Алдағы уақытта әлемнің үздік мамандарын елге шақырып, тәжірибесін үйрену жұмысы жалғаса бермек 

«Әйелдердің босану жасы ұлғайды»: Францияның атақты дәрігерлері Алматыға келді
Фото: Azattyq Ruhy / Әсет Құндақбаев

Алматыға Францияның дәрігерлері келді. Медицина саласындағы күрделі емдеу түрлері бойынша тәжірибе алмасуға келген шетелдік мамандардың арасында аты әлемге әйгілі профессорлар да бар, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

Шетелдің білікті мамандары Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығының жұмысымен де танысты. Екіжақты тәжірибе алмасу «EPG» адами капиталды дамыту қорының бастамасымен ұйымдастырылып отыр. Страсбург университеттік ауруханалары (УБС, Франция) әлемдегі ең беделді мамандар шоғырланған орталық саналады.

«Бұл іс-шара француздық  және қазақстандық мамандар арасындағы ынтымақтастық пен тәжірибе алмасудың маңызды кезеңі саналады. Қазіргі уақытта УБС – медицина және физиология бойынша 6 Нобель сыйлығының лауреаттары қызмет ететін әлемдік деңгейдегі медицина орталығы. Еуропадағы акушерлік қызметтің даму тамыры осы Страсбургтен бастау алады, сондықтан УБС акушерлік мектебімен және акушерлік-гинекологиялық көмектің сапасымен жер жүзіне аса танымал»,  - деді  шараны ұйымдастырушылар.

Шетелден жоғары санаттағы дәрігерлерді Қазақстанға шақырып, тәжірибе алмасудың мақсаты, халықтың денсаулық сапасын арттыру туралы Мемлекет басшысының  тапсырмасы орындаудағы жұмыстардың бірі саналады. ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Вячеслав Дудниктің айтуынша, заманауи медициналық технологияны енгізу мен сапалы емдеу бүгінгі күнде өте өзекті мәселелердің бірі және ол тікелей Президенттің Жолдауында да анық көтерілген. 

«Мемлекет басшысы, Президент Тоқаев аурулардың алдын алу және денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыру арқылы Қазақстан халқының денсаулығын жақсартуға үлкен көңіл бөлуде. Денсаулық сақтау, білім және ғылым мамандарын, резиденттерді, практиктерді және медицинаға жаңа технологияларды енгізетін зерттеушілерді біріктіруге арналған «Страсбург университеттік ауруханаларының тәжірибесі» халықаралық семинары тәжірибелік көмек көрсетуді жақсарту үшін медицинаға жаңа технологияларды енгізуге бағытталған. Ол екі ел арасындағы диалогтың нағыз алаңына айналатынына сенімдімін. Нағыз кәсіпқой мамандар екі ел арасындағы жемісті ынтымақтастықты бастады», - деді вице-министр.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, алдағы уақытта әлемнің үздік мамандарын елге шақырып, олардың тәжірибесін үйрену жұмыстары тұрақты түрде жалғасады.

«EPG адами капиталды дамыту қорының мақсаттарының бірі – Қазақстанда білім және медицина саласындағы үздік әлемдік тәжірибелер мен стандарттарды енгізу. Бұл жолы біз Франциядан сапалы мамандардың келуіне қолдау білдірдік. Алдағы уақытта қазақстандық дәрігерлермен тәжірибе алмасу үшін әлемдік деңгейдегі үздік сарапшыларды шақырып, елдегі медицинаның сапасын арттыруға атсалысамыз», – деді Адами капиталды дамыту қоры директорлар кеңесінің мүшесі, Aport ОСО директорлар кеңесінің төрағасы Балтабек Мұқашев.

УБС гинекологиялық онкология кафедрасының меңгерушісі, доктор Cherif Akladios кесар тілігінің көбейіп кеткендігі жайында проблеманы көтерді. Оның пікірінше,  акушер-дәрігерлер алдында тұрған қиындықтар өте көп. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының кесар тілігі операциясы көлемінің 15%-ын ұстап тұру туралы ұсыныстарына қарамастан, Францияда бұл көрсеткіш 20%, Италияда 35% құрайды. Бұл, ең алдымен, бірінші босанған аналардың орташа жасының ұлғаюымен тікелей байланысты. Бұрын әйелдердің орташа жасы 20 жас болса, бүгінде ол 30 жастан асты. Алғаш босанатын әйелдердің айтарлықтай өсуі (70%-ға) 40 жастағылар арасында да байқалады. Қоғамдағы осы құбылыстар дәрігерлерден тәсілдерді өзгертуді және жылдам шешім қабылдауды талап етеді. Гинекология, босану және репродуктивті медицина кафедрасының меңгерушісі, доктор Olivier PIRRELLO преэклампсия тақырыптары бойынша жаңа халықаралық ұсыныстарымен бөлісті. Сонымен қатар ол «Әйелдердің бала туу қабілетін сақтаудың көмекші репродуктивті технологиялары» тақырыбында баяндама жасады.

Фрнациялық акушер-координатор Nadine KNEZOVIC «Францияда пациенттердің құқықтарын сақтау және босану кезіндегі акушерлік зорлық-зомбылықтың алдын алу», «Жыныстық зорлық-зомбылық құрбандарына арнайы көмек» атты қоғамда да, медицинада да көтеріліп жатқан өзекті тақырыптарды талқылады. 

 «Біздің мекеме Қазақстандағы акушерлік қызметтің жетекші ғылыми орталығы саналады. Мекеме клиникалық, ұйымдастырушылық, әдістемелік, бақылау, ғылыми және білім беру қызметін жүзеге асырады. Бұл ретте біз клиника, ғылым және білім үштұғырлылығы қағидасын ұстанып, Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің университеттік емханасы саналамыз. Оған байланысты Страсбург университеттік ауруханаларындағы француз әріптестерінің тәжірибесі жаһандық тәжірибені қабылдауға және орталық қызметінің барлық бағыттарын жақсартуға мүмкіндік береді», - деді Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығының  директоры Гүлфайруз Оразбаева.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.