Алматыда 32 мың студентке жатақхана жетіспейді – Басқарма басшысы
Мегаполистегі студенттердің 124 мыңнан астамы басқа қалалардан келген
Мемлекет басшысының студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындау үшін Алматыда 37 мың орынға арналған жоба қолға алынды. Президент Қазақстан халқына «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты жолдауында жастарға қатысты өзекті проблемаларды көтерді. «Келесі маңызды мәселе – студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету. Бұл түйткілді шешу үшін жоғары оқу орындарымен және құрылыс компанияларымен мемлекеттік-жекеменшік серіктестік орнату тәсілін барынша енгізу керек. Сондай-ақ, барлық мәселенің шешімін табуды мемлекеттің мойнына ілу дұрыс емес деп санаймын. Сол себепті, мемлекеттен қаражат алу үшін жекеменшік жоғары оқу орындарының жатақханасы болуы шарт. Әрине, мұны оқу орындарынан біртіндеп талап еткен жөн», деген еді Президент.
Алматы қаласында 35 жоғары оқу орны бар, онда 199 мыңнан астам студент білім алады. Қалада 14 пен 35 жас аралығындағы жастар саны 682,9 мыңнан асады (тұрғындардың жалпы санының 32%). Алматы қалалық Жастар саясаты басқармасының басшысы Қайыржан Меңдіғалиев студенттердің еркін білім алуы үшін қолға алынған жобалар жайлы ойымен бөлісті.
- Қайыржан Ермекұлы, қаладағы студенттерге жатақхананың жетіспейтіні біраздан бері айтылып жүр. Бұл проблеманы түбегейлі шешуге мүмкіндік бар ма?
- Осы жылдың наурыз айында студенттер жатақханаларын салу кезінде университеттер мен мемлекеттік органдар тарапынан инвесторларға қолдау көрсету мақсатында Жобалық кеңсе ашылды. Жобалық кеңсе іске қосылғаннан бері оған 111 әлеуетті инвестор жүгінді, бұл қолдау механизмінің тартымдылығын көрсетеді. Бүгінгі таңда 36 822 төсек-орын қамтитын 44 жоба іске қосылды, оның ішінде 30 жоба 33 110 төсек-орынға жаңа жатақхана салуды, 14 жұмыс істеп тұрған нысандарды 3 712 орындық жатақханаға қайта жаңғыртуды қамтиды. Қалған 67 инвестордың жобасы бойынша жер телімдерін іздеу жұмыстары жүргізілуде. Студенттердің 124 мыңнан астамы басқа қалалардан келген. Бүгінгі таңда қалада 102 студенттік жатақхана бар, онда 33,5 мыңнан астам студент тұрады. Тағы 32 мың студентке жатақхана жетіспейді. Оқу жылының басында ЖОО-да шамамен 66 мың төсек-орынға қажеттілік болды, оның 53 мыңнан астам орны жатақханадан қамтамасыз етілді (32 мың жатақхана, 10 мыңы хотселдар мен қонақ үйлер, 1,5 мыңы жаңа жатақхана және 10 мыңы тығыздау және жөндеу есебінен жатақханаларға, хостелдарға және қонақ үйлерге көшу арқылы төсек-орындармен қамтамасыз етілді).
2023 жылдың соңына дейін 3 959 төсек-орынға арналған 15 нысанды пайдалануға беру жоспарлануда, оның ішінде 1 550 төсек-орынға арналған 7 нысан осы жылдың қыркүйек айында іске қосылды.
«Алматы қаласын дамытудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы және 2030 жылға дейінгі орта мерзімді перспективалар» негізінде жасалған Жол картасы бойынша 2024 жылы студенттерді 4 мың төсек-орынмен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.
- Алматыға жастардың көбі білім алу үшін ғана емес, жұмыс істеу үшінде көп келеді. Жастарды жұмыспен қамту көрсеткіші қандай?
- Жастарға жан-жақты қолдау көрсету – мемлекетіміздің басты міндетінің бірі. Еңбекпен қамтитын түрлі шаралар арқылы келесі жылы 100 мың жасты жұмысқа орналастыруымыз керек. Жастардың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсету жалғасады. Оларға жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі. Бұл шаралар қоғамның барынша үйлесімді әрі әділетті болуына ықпал етеді.
Қалада жұмысқа орналастыру бойынша іс-шаралар кешені жүзеге асырылып жатыр.
Алматы қаласын дамытудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы және 2030 жылға дейінгі орта мерзімді перспективалар шеңберінде Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының басты индикаторларының бірі – 10 мың жасты жұмысқа орналастыру. Бұл индикатор келесі жобалар есебінен іске асырылып жатыр.
Қалалық мансап орталығы
Бұған дейін Жастар саясаты басқармасына білім беру мекемелерінің жұмыспен қамту орталықтары, қаланың ірі компанияларының HR-мамандары, сондай-ақ жастардың әртүрлі санаттарының өкілдері жастарды жұмысқа орналастырумен айналысатын құрылым құру туралы ұсыныстарымен жүгінген болатын. Ағымдағы жылдың ақпан айында «Depo evolution park» жастар лофт-орталығында жоғары оқу орындарының, жұмыс берушілердің және мемлекеттік органдардың мансап орталықтарының өзара іс-қимыл жүйесін құрумен Қалалық мансап орталығы ашылды.
Оның міндеттеріне: жастарға бос жұмыс орындарын іздеу, жұмысқа орналасу бойынша кеңес беру, оқыту семинарларын өткізу, сондай-ақ кәсіптік бағдар беру форумы, мансап күндері сияқты іс-шараларды ұйымдастыру кіреді.
Жыл басынан 3 мыңнан астам жас кеңес алуға жүгінді.
Жастарды жұмысқа орналастырудың бірыңғай платформасы
Бірыңғай коммуникациялық кеңістік шеңберінде жастарға арналған «Jasalmaty.kz» ақпараттық портал құрылды, онда «Jobfair 365» жастарды жұмысқа орналастыру үшін цифрлық платформа әзірленді, оның бүгінгі таңда Қазақстанда баламасы жоқ. Оның негізгі міндеті – еңбек нарығының барлық қатысушылары үшін тегін және қарапайым құрал болу.
Бүгінде Қазақстан Республикасының 20 өңірінен 1,5 мыңнан астам жұмыс беруші тіркелген, олар 3,7 мыңнан астам бос жұмыс орнын орналастырған. 1,8 мың жас жұмыспен қамтылды.
Жалпықалалық «Мансап күндері» жобасы бар. Жобаның негізгі міндеті – жастар мен оқу орындарының түлектерін одан әрі жұмысқа орналастыру үшін жұмыс орындарының қолжетімділігін арттыру, сондай-ақ жұмыс берушілерге лайықты кандидаттарды жалдау процесін жеңілдету. Сондықтан, ағымдағы жылдың маусым айында қаланың әрбір ауданында 8 Мансап күндері өткізілді. Іс-шараларға қаланың 850-ден астам ірі компаниялары,
35 жоғары оқу орындары мен 83 колледждер, сондай-ақ жастарға кеңес беру үшін үздік жаттықтырушылар мен кәсіби бағдар берушілер қатысты. Жалпы 26 мың жасты қамтыды.
«Жасыл ел» жобасы
Осы жылы «Жасыл ел» жобасы аясында 2100 жастар уақытша жұмысқа орналастырылды. Биыл алғашқы рет университеттерден бөлек, колледж студенттері мен NEET санатындағы жастар да қатысты.
Мемлекеттік тапсырыс жобалары негізінде құрылған жұмыс орындары
2021 жылғы 12 қазанда ҚР Үкіметі халықты жұмыспен қамтуды арттыру мақсатында Шағын бизнесті дамытуға бағытталған кәсіпкерлікті дамытудың 2021 – 2025 жылдарға арналған ұлттық жобасын бекітті. Жыл басынан бері 34,1 мыңнан астам жас жұмысқа орналастырылды.
- Қалада дарынды, өнерге жақын жастарда аз емес. Оларға нақты қандай қолдау көрсетіп келесіздер?
- Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында музыкалық, хореографиялық және көркем шығармашылық саласындағы жастарды анықтау, қолдау және дамыту мақсатында осы жылдың қараша айында «Jas Gala» жобасы іске қосылды. Жоба дарынды студент жастарды анықтау, насихаттау және қолдауға, студент жастардың адамгершілік және мәдени жетістіктерін сақтау мен арттыруға; студенттердің белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыруға; қоғамдық санада студенттердің жастардың жетекші бөлігі ретіндегі идеясын нығайтуға; дарынды оқушыларды анықтап, олардың шығармашылық әлеуетін жүзеге асыру үшін жағдай жасауға, студенттердің көркем шығармашылығының әртүрлі түрлері мен бағыттарын кеңінен насихаттауға бағытталған.
Жоба бойынша, жанама түрде қаланың 10 мыңнан астам жастарын қамту жоспарлануда. Қазіргі таңда, аталған жоба аясында «TikTokерлер» байқауы жүзеге асырылуда.
- Жастардың мәдениетіне, тәрбиесіне қатысты да сын-пікір аз айтылмайды. Отансүйгіш, патриот жастар көргенсіздікке бармайды. Жастарды мәдениеттілікке тәрбилеуге бағытталған жобалар бар ма?
- Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде «Jiger» атты жастарды әскери-патриоттыққа тәрбиелеу бойынша іс-шаралар кешенін өткізу жобасы іске асырылды. Бұл жоба алғаш рет Алматы және Жетісу облыстарында пилоттық жоба ретінде жүзеге асырылды. Жоба жастар арасында өзін-өзі тану мен патриотизмді арттыру және жастар арасында Қазақстан Республикасының ұлттық басымдықтарын ілгерілетуді көздейді. Жобаның аясында, жастардың армияға деген қызығушылығын арттыру бойынша, жастардың әскери тәртіппен қарым-қатынасын қалыптастыру бойынша, жұмыссыз жастарды тарту мақсатында Алматы қаласының қорғаныс істері департаментінің өкілдерімен өзара іс-қимыл жасай отырып, Алматы қаласының жұмыссыз жастары жиналатын орындарда түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Жоба Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасы мен Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің қолдауымен, №73652 әскери бөлімімен өзара іс-қимыл жасай отырып, Алматы қаласы Әскери-техникалық мектебі филиалының базасында жүзеге асырылды.
- Жастардың тұрмыстық, әлеуметтік жағдайын көтеру де шешімін таппай келе жатқан проблемалардың бірі ғой..
- «Отбасы институты» жобасы Алматы жастар саясаты басқармасы қолдауымен жүзеге асырылып жатыр. Жоба тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын-алу, отбасы құндылықтарын арттыру, жастар арасында отбасы институтын нығайту, жастарға көмек көрсетуге негізделген. Жоба аясында Алматы қаласының 8 ауданында тұрақты сенім кабинеттері қызмет етеді. Сенім кабинеттері мемлекеттік органдармен: АХАТ бөлімдерімен және аудандық соттармен тығыз жұмыс істейді. 2023 жылдың басынан бастап жоспарлы іс-шаралар жүзеге асырылуда. Соның ішінде студенттермен кездесу өткізу, клиенттермен жеке консультация, әлеуметтік желілерде жарияланымдар жасау сияқты іс-шаралар өткізілді. Алматы қаласының 35 жасқа дейінгі (қоса алғанда) жастарын қолдау мақсатында 2017 жылы Алматы қаласының әкімдігі «Алматы жастары» қалалық жеңіл несиелеу бағдарламасын әзірлеп, іске қосты.
Осы Бағдарлама аясында 3 389 жас отбасы қамтамасыз етілді:
- 2017 жылы – 108;
- 2018 жылы – 134;
- 2020 жылы – 1003;
- 2021 жылы – 1055;
- 2023 жылы – 1100.
2022 жылы қабылдау кезінде Алматы қаласының 1089 жасы баспанамен қамтамасыз етілді, бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып жатыр.
Сонымен қатар, 2019 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін «Жұмыс істейтін жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй беру» бағдарламасы аясында 2 481 пәтер берілді, оның ішінде:
- 2019 жылы 1050 пәтер. «Ақкент» шағын ауданда (546 пәтер), шағын ауданы. «Көкқайнар» (249 пәтер), «13» шағын ауданы (255 пәтер);
- 2020 жылы «Alma City-5» тұрғын үй кешенінде 381 пәтер;
- 2021 жылы «Мәдениет» (24 пәтер) және «Alma City-5» (1026 пәтер) тұрғын үй кешенінде 1050 пәтер.
- 2023 жылы – 1050 пәтер жалға берілді.
Авторы: Әмірболат ҚҰСАЙЫНҰЛЫ