Семейдегі аспалы көпірге жөндеу жұмыстары жүргізіледі

Құрылысқа 7,2 млрд теңге бөлінген

Семейдегі аспалы көпірге жөндеу жұмыстары жүргізіледі
Фото: semeyainasy.media

Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Семейдегі аспалы көпір жөнделетінін айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Көпірдің негізгі құрылымын жөндеу ғана емес, сонымен қатар жол төсемін жаңарту жоспарлануда. 2025 жылы аяқталатын Семейдегі ескі көпірді қайта жаңарту жобасы іске асырылуда. Биыл құрылысқа 7,2 млрд теңге бөлінді. Семейдегі аспалы көпірді жапон мамандары тексеруден өткізген болатын. Қазіргі уақытта құрылымды жөндеуге және жол төсемін жаңартуға қажетті құжаттаманы дайындау бойынша жұмыстар жүргізілуде. 2023 жылы жергілікті маңызы бар 235 шақырым жол орташа жөндеуден өтті. Аталған жұмыстарға 9,9 млрд теңге қарастырылған», - деді ол.

Ұранхаев атағандай, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында биыл 2,9 млрд теңгеге жалпы ұзындығы 77 км құрайтын кентішілік жолдарға орташа жөндеу жұмыстары орындалды.

«Оның ішінде, «Омбы-Майқапшағай» тас жолынан «Северный» СЛО-ға дейінгі автожол салынды, Шәкенов көшесінде көпір салынып, Аягөз қаласындағы Барақ батыр көшесіндегі көпір қайта жаңғыртылды. Нормативтік жағдайдағы жолдардың үлесін жыл соңына дейін 90%-ға дейін жеткізу жоспарлануда. Жалпы, 2025 жылға қарай бұл көрсеткішті 97%-ға дейін ұлғайту жоспарланып отыр», - деді облыс әкімі.

Авторы: Аягөз ҚҰРМАШ 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.