Абай облысында қызылша ауруына байланысты медицина мекемелерінде карантин енгізілді
2023 жылдың мамыр айынан бері облыста қызылшаның 75 жағдайы тіркелді
Абай облысында қызылша ауруына байланысты медицина мекемелерінде карантин енгізілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Абай облысының әкімдігіне сілтеме жасап.
Семей қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы барлық медициналық ұйымдарда карантин белгілеу, ағымдағы дезинфекцияны күшейту, жиі желдету, келушілердің келуін шектеу туралы хат жолдаған.
Соның негізінде Абай облысының денсаулық сақтау басқармасы тиісті бұйрық шығарып, бүкіл медициналық ұйымдарда карантин енгізілді.
Қазіргі уақытта Абай облысында қызылша бойынша эпидемиялық жағдай тұрақты.
2023 жылдың мамыр айынан бері облыста қызылшаның 75 жағдайы тіркелді.
«Өкінішке қарай, қызылшамен сырқаттанудың бұрынғыдан айырмашылығы – бүгінде диагноз негізінен балалар арасында, яғни барлық жағдайларының 56 пайызы (42 жағдай) 5 жасқа дейінгі балалар екенін атап өткен жөн. Қазіргі уақытта Абай облысында 7 бала мен 3 ересек адам қызылшадан стационарда емделіп жатыр. Ауыр жағдайда жатқандар жоқ. Инфекциялық төсектің 12,5 пайызында науқастар жатыр», - делінген әкімдік хабарламасында.
Қазақстанда қызылша бойынша қолайсыз жағдай тіркелген.
Осыған байланысты облыста эпидемияға қарсы және профилактикалық іс-шаралар жүргізіліп жатыр.