Тауда қаза болған иесінің денесін он апта бойы күзеткен ит табылды
71 жастағы турист 19 тамызда тауға кетіп, сол күйі оралмаған
АҚШ-та Рич Мур есімді тұрғын тауға шығып, қайтып оралмаған соң 10 апта бойы іздеу жұмыстарын жүргізген құтқарушылар иесінің денесінің жанында күзетіп тұрған итті тапты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
BBC агенттігінің жазуынша, 71 жастағы Рич Мур Колорадо штатындағы Блэкхед шыңына 19 тамызда шығуды жоспарлап, өзімен бірге Финни атты терьерін ала кеткен. Алайда сол күйі қайта оралмаған.
Құтқарушылар оларды Мурдың көлігі тұрған таудың тік беткейіндегі аумақ пен теңіз деңгейінен 3800 метр биікте орналасқан шыңның арасында ұзақ уақыт іздегенімен, таба алмаған.
«Іздеу қызметтері басқа тау әуесқойларына фотосуреті бар жарнамалар таратады. Нәтижесінде 30 қазанда ер адамның денесін аңшылар тауып алған. Туристің денесі Блэкхед шыңынан шығысқа қарай 2,5 км жерде, Сан-Хуан ұлттық саябағында табылды. Мәйіттің жанында ит болған. Әбден қалжырап, аштықтан әлсіреген иттің салмағы үш келі болып қалған. Дереу жануарлар дәрігеріне жеткізілген Финни артынша қайтыс болған иесінің отбасына қайтарылды», - делінген хабарламада.
Құтқарушылардың айтуынша, ит ғайыптан аман қалып, орманда тіршілік ететін пума, аю, койота сияқты жыртқыштардың тырнағына ілінбей, шағын сүтқоректілерді аулап қоректеніп жүрген.
Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, Мур қатты салқыннан қайтыс болған. Ол суықтан баратын бағытынан адасып қалған болуы мүмкін. Мурдың достары оның тәжірибелі тау саяхатшысы екенін және бұрын тауға әрқашан досымен бірге шығып жүргенін айтады. Бұл жолы ол өзімен тек итін алып кеткен екен.
Мурдың әйелі Дана Холби баласымен бірге итін алып кетуге келгенде көз жасына ерік берді.