Іле ауданында әкімдік бір кітаптың жинағын 14 млн теңгеге сатып алмақ болған – Антикор
Ведомство еріктілері 20 млн теңгеден астам бюджет қаражатын үнемдеді
Алматы облысында еріктілер әкімдіктің жемқорлықпен бюджет қаражатын талан-таражыға салмақ болғанын анықтады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Алматы облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы еріктілері 20 млн теңгеден астам бюджет қаражатын үнемдеді.
Олар мемлекеттік сатып алу порталының мониторингі барысында бағаны 18,5 млн теңгеге көтеру фактілерін анықтады.
«Іле ауданы әкімінің аудандық кітапханасы» КММ 14 млн теңгеге бір кітап жинағын және 6 млн теңгеге кітап оқуға арналған компьютер құрылғысын сатып алуды жоспарлады. Алайда еріктілер кітап жинағының орташа бағасы 1,1 млн теңгені, ал кітап оқуға арналған компьютерлік құрылғының бағасы 360,9 мың теңгені құрайтынын анықтады», - деп хабарлады Алматы облысы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі
Аудан әкімдігінің кітапханасы бағаны 18,5 млн теңгеге көтерген. Осыған байланысты еріктілер Іле ауданының мәдениет бөліміне бағаларды қайта қарау жөніндегі ұсыныс жіберді.
Антикордың араласуынан кейін тендер тоқтатылып, 20 млн теңге сомасында бөлінген қаражат бюджетке қайтарылды.