$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

БҚО-да «Қарлығаш» - әр үйге бақыт ұяласын»  конкурсы өз мәресіне жетті

Конкурс ерекше балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар арасында өтті

БҚО-да «Қарлығаш» - әр үйге бақыт ұяласын»  конкурсы өз мәресіне жетті

БҚО-да  Мейірбандық күндері айлығы аясында оздырылған «Қарлығаш» - әр үйге бақыт ұяласын»  атты ерекше балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар арасындағы конкурс жеңімпаздары марапатталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

        – Балаларға ерекше назар аудару керек. Себебі олардың амандығы – мемлекетіміздің жарқын болашағының сенімді кепілі. Ең алдымен билік тарапынан денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қамсыздандыру саласында балаларды қорғау мақсатында нақты іс-шаралар жасалуы керек. «Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық – бұл біздің жалпыұлттық міндетіміз, – деп атап өтті Президент.

Отбасылық құндылықтарды қадірлеу, ата-аналардың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін сезіну, соның ішінде ерекше балаларды тәрбиелеудегі ата-ананың орасан зор еңбегін дәріптеу басты ұстаным!

БҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы ұйымдастырған конкурс жеңімпаздарын құттықтаған Батыс Қазақстан облысының әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов адамды адам ететін – адамгершілік, адами қасиет, бір-біріне деген мейірбандық екенін атап өтті. 

     –  Жыл сайын қазан айында дәстүрлі «Мейірбандық күндері» өткізіледі.  Айлық  бірінші қазанда өңірдің абыройлы ақсақалдарының қал-жағдайын сұраудан басталды. Әр бала үшін Отаны отбасынан басталады. Отбасы қоғамдық, мемлекеттік институт қана емес, баланың тұлға ретінде қалыптасуына, еліміздің шынайы азаматы ретінде жетілуіне әсер ететін мықты институт десек болады. Сол институтты басқарып отырған өздеріңіз. Ерекше қамқорлықтағы балалардың отбасында осындай конкурс ұйымдастыру өте жақсы үрдіс. Конкурсқа қатысқан әр ата-ана жеңімпаз десем болады. Өйткені конкурс талаптарына сай құжаттарды жинап, сайыс ережелерін  орындап, облыстық финалға шығу – үлкен мәртебе. Сіздер өсіп келе жатқан балаларыңыз үшін үлкен өнегесіздер, өзге отбасыларға үлгісіздер, – деген Бақытжан Қаберұлы әр ауданнан ат арылтып келген ата-аналарға шынайы алғысын жеткізді. 

 «Қарлығаш» – әр үйге бақыт ұяласын» конкурсының бас жүлдесін  жеті бала тәрбиелеп отырған оралдық көпбалалы Темірғалиевтер отбасы жеңіп алды. Отанасы Мөлдір Төлегенова «Алтын алқа» иегері. Бұл отбасының  армрестлинг, вокал, поэзия, шахмат, би өнеріне қызығушылықтары жоғары екені байқалды. Байқаудың  жүлделі екінші орны Жәнібек ауданынан қатысқан  Досқалиевтер отбасына бұйырды. Татулығы жарасқан бұл отбасында да жеті бала тәрбиеленуде. Отбасының басты құндылықтары – еңбекқорлық, өзара сыйластық пен мейірімділік. Шығармашылықта да, спортта да белсенді отбасы көпке үлгі бола білді. Бұдан бұрын республикалық «ARMAN ASULARY» фестивалінде жүлделі орыннан көрінуі  – бұған нақты дәлел.  Ал үшінші орынды Бөрлі ауданынан келген Бекешевтер отбасы иеленді. Үлкен әрі тату отбасы  өзгелерден шығармашылығымен ерекшеленді. Жанұяның кіші балалары түрлі шығармашылық конкурстардың жеңімпазы. Ата-аналары балаларының талантын ашып, шығармашылығын шыңдауға үнемі көмектесіп, қолдау көрсетіп келеді. Жеңімпаз отбасыларға Алғыс хаттармен бірге мұздатқыштар мен кір жуғыш машина сыйға тартылды.

БҚО Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Ділдаш Искакованың айтуынша, қайырымдылық айлығы аясында ұйымдастырылған байқауға әр ауданнан  және қаладан 13 отбасы қатысқан.

     –    Байқаудың ерекшелігі – отбасыларда ерекше қажеттілігі бар балалар тәрбиеленуде. Сол жанұялар отбасы құндылығын дамытуға зор үлес қосып келеді. Ерекше балаларды тәрбиелеп отырғанымен,  отбасылар өңірде өтіп жатқан түрлі шаралардан қалыс қалмай, жүлделі орындарды иеленіп жүр. Сондықтан осындай отбасыларды халыққа таныстыру мақсатында аталмыш байқауды ұйымдастырдық. Жеңімпаздардан бөлек, қатысқан барлық жанұялар түрлі аталымдармен марапатталды. Түрлі сала өкілдерінен арнайы комиссия құрылып, байқауды әділ өткізуге тырыстық. Айлық шеңберінде мүмкіндігі шектеулі, ерекше  балаларды қоғамға бейімдеу мақсатында түрлі шаралар, акциялар, фестивальдер өткізілді. Алдағы уақытта осы отбасыларды «Мерейлі отбасы»  республикалық байқауына қатыстыру жоспарда бар, – дейді Ділдаш Салауатқызы.

Ерекше балалар да қоғамда өздерін еркін сезінуі қажет. Балалардың бәрі бірдей, бейкүнә екенін ұмытпауымыз қажет. Олардың ерекше болуы – тағдыры деп қабылдап, сәбилердің бақыты үшін қоғам болып қол созғанымыз жөн-ақ. Бүгінде облыста ерекше балалар мен оларды тәрбиелеп отырған ата-аналарға мемлекет тарапынан, демеушілердің, жаны жомарт жандардың игі істерімен бірқатар жақсылықтың жасалып жатқанына куәміз. Жасыратыны жоқ, бүгінде өңірде ерекше балалардың саны артып келеді. Мұндай бүлдіршіндердің қоғамнан тыс қалмай, ортада тәрбиеленіп, білім алуына, денсаулықтарын жақсартуға жан-жақты қолдау көрсетуіміз керек.

Кәусар БАЙҒАЛИЕВА,

Батыс Қазақстан облысы

Серіктес жаңалықтары