«Израильді әскери қылмыскер деп жариялаймыз»: Ердоған Палестинаны қолдауға арналған митингте сөз сөйледі
Тель-Авивтің Газа секторындағы әрекеттерін түрік президенті «қырғын» деп атады
Бірнеше елде Палестинамен жаппай ынтымақтастық акциялары өтті. Стамбулдағы Ататүрк әуежайында өткен митингке 1,5 млн адам қатысқан. Олардың қатарында Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған да бар, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, Израиль кез келген ел сияқты, өзін-өзі қорғауға құқылы. Бірақ Тель-Авивтің Газа секторындағы әрекеттерін түрік президенті «қырғын» деп атады.
Ердоған Түркия бүкіл әлемге Израильді «әскери қылмыскер» деп жариялайтынын мәлімдеді.
Сонымен қатар, ол сөйлеген сөзінің көп бөлігін батыс елдерін сынауға арнады. Батыстың Палестинадағы қанды қырғынға толық жауапты екенін айтты.
Түркия басшысы Батыс елдеріне қарата отырып: «Крест пен Жарты Ай арасындағы соғысты қалайсыз ба? Ендеше, бұл халықтың тірі екенін біліңіз, ол тұрақты. Біз Ливияда кім болдық, Қарабахта кім болдық, Таяу Шығыста да солай боламыз. Біз бір түнде кіре аламыз», - деді.
Сондай-ақ, Ердоған Батыс елдерінің Газадағы ахуалға қатысты үнсіздігін сынады.
«Кеше Украина мен Ресей арасындағы соғыста қаза тапқан бейбіт тұрғындарға қолтырауындардың көз жасын төккен Батыс елдері бүгін Газадағы мыңдаған жазықсыз балалардың өліміне қарсы үнсіз қалды», - деді ол.
Ердоған БҰҰ Бас Ассамблеясының Палестина-Израиль келісімі бойынша қарар қабылдағанын құптап, бұл «оң қадам» екенін атап өтті.
«120 ел БҰҰ-ға дауыс беріп, Израильге қарсы шықты. Израиль, сіз не істесеңіз де, әлемде жалғыз қалдыңыз. Ал сіз жалғыздықты жалғастыра бересіз», - деді түрік көшбасшысы.