2 сәуірден бастап Семейде қосымша шектеулер енгізілді
Қалада азық-түлік дүкендері ғана жұмыс істейтін болады
2 сәуірден бастап Семейде қосымша шектеу шаралары енгізілді. Қалада азық-түлік дүкендері ғана жұмыс істеп, қалған сауда орындары жабылды. Енді қалада санитарлық бақылау мен дезинфекциялау жұмыстары күшейтіліп, тұрғындардың бәрі маска киіп жүруге міндеттеледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Біз әлеуметтің әлжуаз топтарын маскамен тегін қамтамасыз еттік. Бұл 102 мыңнан астам адам. Маска шығаратын кәсіпорынның өнімділігін арттыруды көздеп отырмыз. Әзірге маска тігуді күніне 20 мың данаға көбейту жоспарланған», - деді қала әкімі Ермак Сәлімов.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта қалада 166 дәріхана бар. Олар медициналық маскамен толық қамтылған.
350 мыңға жуық халқы бар шаһарда қазір арнайы рұқсатнамаларды тарату жұмыстары басталып кетті. Бұл құжатпен әрбір үйдің не болмаса пәтердің тек бір тұрғыны ғана аптасына 3 рет дүкенге не болмаса дәріханаға шыға алады. Шектеулер дәрігерлер мен полицейлерге, коммуналдық қызмет өкілдерінің жұмысына кедергі келтірмейді. Қоғамдық көлік қызметі де біртіндеп шектеледі. Ал жұмысқа баруы тиіс азаматтар тек қызметтік көлікпен ұйымдасқан түрде қатынауы тиіс. Жекеменшік көлік иелері өзіне тиесілі аумақта ғана белгіленген шартпен қозғалады. Қалаға кіріп-шығу да шектеліп, 8 блок-бекет ұйымдастырылған.