Костенко шахтасындағы апаттан қаза тапқан 36-шы кеншінің денесі табылды
Құтқарушылар 10 кеншіні іздеу жұмыстарын жалғастырып жатыр
Қарағанды облысындағы Костенко атындағы шахтада орын алған жарылыстан қаза тапқан кеншілердің саны 36-ға жетті. Бұл туралы ҚР ТЖМ баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ТЖ министрлігінің хабарлауынша, қазіргі уақытта 36 адамның денесі табылды, 10 кеншіні іздеу жалғасуда.
«Авариялық-құтқару жұмыстарына «Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы» ЖШС Қарағанды филиалының тау-кен құтқарушыларының 10 бөлімшесі жұмылдырылды. Газ жағдайын бақылау жалғасуда», - делінген ақпаратта.
Еске сала кетейік, кеше, 28 қазанда «АрселорМиттал Теміртауға» қарасты Костенко шахтасында апат болып, кеншілер қаза тапқан болатын.
Қайғылы оқиғаға байланысты Мемлекет басшысы Қарағанды облысына барып, қаза тапқан кеншілердің отбасыларымен кездесіп, көңіл айтты.
Президент Үкіметке «АрселорМиттал Теміртаумен» инвестициялық ынтымақтастықты тоқтату туралы тапсырма берді.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы 29 қазан Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.