27 мың доллар ұрлаған: Астана әуежайындағы ұрлық «көрінбейтін аймақта» жасалған
Аталған аймаққа камера орнату қарастырылып жатыр
Қазіргі таңда ұрлау фактісіне қатысы бар қызметкерлердің әрекеті дисциплинарлық комиссияның қарауына алынған. Ал құзырлы органдар тергеу амалдарын жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Тергеу аяқталып, сот шешімі шыққанан соң қызметкерлердің жұмыста қалу-қалмауы белгілі болады. Алайда қазір аталған іске қатысы бар әуежай қызметкерлер жұмыста жоқ.
«Жалпы Астана халықаралық әуежайының жүк бөлімшесі толықтай бейнебақылау камераларымен жабдықталған. Алайда жолаушылардың жүгі перронда багаж лентасынан ұшақтың жүк бөліміне өткенде «көрінбейтін аймаққа» түсіп қалады. Яғни ұшақтардың жүк бөлімі бейнебақылау камераларымен жабдықталмаған. Келеңсіз жағдайлардың алдын алу және ұрлық фактілерін азайту мақсатында әуежай әкімшілігі «көрінбейтін аймақтарға» камера орнату жұмыстарын пысықтап жатыр. Жолаушылардан құнды заттарын жол жүгінде алып жүруін сұраймыз», - деді Астана халықаралық әуежайының ресми өкілі, PR бөлімінің басшысы Тойгүл Жубанисова.
Еске салсақ, 2023 жылдың тамызында Астана – Стамбул бағытының жолаушысы ұшып келгеннен кейін чемоданынан 19 мың АҚШ доллары сомасында ақшалай қаражатының жоғалғанын анықтады. Жол жүгінен 7 800 АҚШ долларын ұрлағаны туралы дәл осындай өтініш Астана – Дубай бағытындағы әуе рейсінің жолаушысынан да келіп түсті. Осыған байланысты, көлік полицейлері көлік прокуратурасымен бірлесіп жүргізген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде, аталған қылмыстарды жасады деген күдікпен әуе айлағында жүк тиеуші болып жұмыс істеген 6 адамнан тұратын қылмыстық топты ұстады.