$ 511.22  540.05  4.73
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Реформалардан кейін өткенге қайта оралмаймыз»: Тоқаев өзгерістер жалғасатынын айтты

Ол Республика күні халықтың болашаққа сенімін нығайтатын ерекше мейрам болуы керек екенін жеткізді

«Реформалардан кейін өткенге қайта оралмаймыз»: Тоқаев өзгерістер жалғасатынын айтты
Фото: Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі

«Екі жылға да жетпейтін аз уақытта елімізде іске асырылған реформалар халықтың саяси сана-сезімін едәуір өзгертті». Президент мемлекеттік наградалар мен сыйлықтар тапсыруға арналған салтанатты рәсімде осылай деді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Енді жұртымыз мемлекетті басқарудың бұрынғы тәсілін қайтаруға жол бермейтініне сенімім мол. Реформалардан кейін өткенге қайта оралмаймыз. Өзгерістер әлі жалғасады және мемлекетіміздің сипатын толық өзгертеді. Бірақ біз реформаны жүзеге асырғанда, ең алдымен, ішкі саяси тұрақтылықтың маңыздылығын естен шығармауымыз керек. Әйтпесе Қазақстанның мемлекеттілігіне зор қауіп-қатер төнуі және оның салдары ұлт болашағы үшін өте ауыр болуы мүмкін. Сондықтан мен әрбір азамат заң мен тәртіпті сақтауы керек деп үнемі айтып жүрмін. Біз сөзбен де, іспен де қоғамды ортақ мақсатқа жұмылдыруға және жалпыұлттық бірлікті нығайта беруге тиіспіз. Халқымыз азат ел болып, мықты әрі әділетті мемлекет құру туралы арманын береке-бірлігінің арқасында ғасырлар тезінен аман алып шығып, ақиқатқа айналдырды», - деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ол бүгінде біздің мемлекеттілігіміз қарқынды дамыған егемен республиканың өркениетті әрі құқықтық сипатына ие болғанына тоқталды.

«Қастерлі Тәуелсіздігімізді қорғап, жан-жақты нығайту – бәріміздің ортақ міндетіміз, қазіргі және болашақ ұрпақ алдындағы перзенттік парызымыз. Біз Республика күнінің мән-маңызын, оның мықты мемлекет және көзі ашық, көкірегі ояу ұлт қалыптастыруға бағытталған ауқымды өзгерістердің символы ретіндегі терең мағынасын жастарға түсіндіруіміз керек.

Республика күні халықтың болашаққа сенімін нығайтатын ерекше мейрам болуы керек. Патриоттық, қайырымдылық және волонтерлік іс-шараларды көптеп ұйымдастырған жөн. Егемендік күні ұлтты ұйыстыратын нағыз елдіктің мейрамына айналуға тиіс. Яғни, осы қастерлі мерекеде Отанға деген шынайы сүйіспеншілікті дәріптеуіміз керек. Бұл – баршамызға ортақ іс. Сондықтан бәріміз бір ел болып атсалысайық!» - деді Тоқаев.

Серіктес жаңалықтары