Батыс Қазақстанда визит орталығы ашылды
Визит орталығы заманауи технологиямен жабдықталған
Кеше Батыс Қазақстан облысындағы Хан Ордасы ауылында музей қорығында жаңа технологиялармен жабдықталған визит орталығы, қызметкерлерге арналған әкімшілік ғимараты, мемлекет және қоғам қайраткерлері Сейтқали Меңдешев пен Алма Оразбаеваның мемориалдық музейлері ашылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Ауыл тұрғындарының қуанышына ортақтасып келген облыс әкімі Нариман Төреғалиев ел ішінде тұңғыштар мекені аталатын Бөкей Ордасы ауданының жыл санап көркейіп келе жатқанын атап өтті.
"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Шын мәнінде қазақтың мәдениеті сан саланы қамтиды. Халқымыздың ата-бабадан мирас болған мол мұрасы бар. Сан қырлы ұлттық мәдениетімізді айшықтайтын баға жетпес мұраны сақтап, зерделеу қажет. Оны заман талабына сай жаңғыртып, жер жүзіне насихаттау керек» деп атап көрсетті. Бұл әсіресе, ұлттық мұрамыз бен рухани байлығымыздың негізі - музейлерге үлкен міндет жүктейді. Олардың қатарында облысымыздағы алғашқы қорық – Хан Ордасы музей-қорығын кіргізуге болады. Батыс аймақтағы Каспий қақпасы кластеріне, «Қазақстанның жалпыұлттық киелі орындары» жобасының 100 нысаны қатарына, «ҚР ішкі және келу туризмін дамыту» бағдарламасына енген музей-қорықтың ғимараттары мемлекетіміздің ұлттық мәдени мұрасы ретінде тіркелген. Бүгінгі бірнеше рухани орталықтың ашылуы - ұлттық құндылығымызға, тарихы тереңде жатқан Бөкей Ордасына деген мемлекетіміздің ерекше ықыласы. Бұдан бөлек, алдағы уақытта қазақ жерінде ашылған тұңғыш аурухана ғимаратында жаңа экспозиция жасалып, 1872 жылы салынған амбулатория ғимаратына қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Хан Ордасына сән беріп, көркейтіп тұрған мұндай ғимараттар көбейе бермек", – деді өңір басшысы өз құттықтауында.
Визит орталығы заманауи технологиямен жабдықталған. Орталық кіре-берісіндегі ақпараттық тақтада музей кешені, Бөкей орда ауданы, тұңғыштар мекенінде дүниеге келген танымал тұлғалар жайында деректер көрсетілген. Ақпарат тақтасы арқылы музей-кешенін аралау үшін экскурсияны алдын ала жоспарлап алуға болады. Бірнеше бөлмеге бөлінген визит орталығының ақпараттық бөлімі музей келушілері мен туристтерге кешенді толық таныстыра алатын мүмкіндікке ие. Аталған бөлім кешенді жарнамалау және музейді интернет желісінде таныту ісімен де айналысады. Жаңа ғимаратта балаларға арнайы бөлме, келушілерге қызмет көрсетететін фотолаборатория да бар. Сондай-ақ орталықта жергілікті қолөнер шеберлері жасаған естелік сыйлықтарды туристерге сату да қарастырылған.
Салтанатты іс-шара соңында жергілікті өнерпаздар Жәңгір хан өмірінен қойылым көрсетіп, жиылған жұртшылыққа әдемі әсер сыйлады.