Ауғанстанда тағы да күшті жер сілкінісі болды
Зілзала ошағы 10 км тереңдікте болған
Ауғанстанда 6,3 балдық жер сілкінісі тіркелді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Бұл туралы Еуропалық-Жерорта теңізі сейсмологиялық орталығы хабарлады.
Жер сілкінісінің ошағы шамамен 272 мың адам тұратын Герат қаласынан солтүстік-батысқа қарай 31 шақырым жерде орналасқан. Зілзала ошағы 10 км тереңдікте болған. Әзірге зардап шеккендер мен қаза тапқандар туралы ақпарат түскен жоқ.
Кейінірек Орталық бұған дейін жер сілкінісі болған жерден үш шақырым жерде магнитудасы 5 балды құрайтын тағы бір дүмпу болғанын хабарлады.
Айта кетсек, 7 қазанда Герат маңында магнитудасы да 6,3 балдық жер сілкінісі болды. Соңғы мәліметтер бойынша жер сілкінісінің салдарынан 3 мыңға жуық адам қаза тауып, ондаған мың адам баспанасыз қалды.
Еске салайық, Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары жер сілкінісі салдарын жоюға көмек көрсету үшін Ауғанстанға аттанды. Сондай-ақ Қазақстан жер сілкінісінен зардап шеккен Ауғанстанға гуманитарлық жүк жөнелтті.