«18 жерден пышақтаған»: Алматыда заңгер әйелді өлтірген бұрынғы күйеуі 11 жылға сотталды
Үкім заңды күшіне енген жоқ
Алматы қалалық сотында заңгер Айман Асанованың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша үкім жарияланды. Марқұмның бұрынғы күйеуі 11 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сотта анықталғандай Н. 2022 жылы 8 қазаннан 9 қазанға қараған түні бұрынғы жұбайын үйінің жанында күтіп тұрған.
Ер адам оған мүлікті бөлу жөнінде талап қояды.
«Әйел дөрекі жауап қатып, ауыр сөздер айтып бұл мәселені талқылаудан бас тартады. Осылайша бұрынғы ерлі-зайыптылар арасында жанжал шығады. Осы кезде ер адам қолындағы пышақпен әйелге 18 мәрте соққы жасайды. Өмірге сәйкес келмейтін жарақаттың салдарынан әйел ауруханада көз жұмды», - деп хабарлады қалалық соттан.
Прокурор мен жәбірленуші тарап судьядан оған қатаң жаза тағайындауды сұрады.
Алқабилер айыпкерді қасақана кісі өлтіргені үшін кінәлі деп таныды.
Сот айыпталушыны қасақана адам өлтіргені үшін кінәлі деп танып (ҚР ҚК-нің 99 бабы 1 бөлімі бойынша) 11 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Сотталушы кінәсін мойындамады, ол жұбайын ерекше толқу жағдайында өлтіргенін мәлімдеді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Еске сала кетейік, Айман Асанова 2022 жылдың 12 қазан күні көптеген пышақ жарақатынан медициналық мекемеде қайтыс болды. Ал кейін адвокат әйелді өлтірді деген күдікпен оның бұрынғы күйеуі ұсталды.